Foto Valeriy BUGAYEV

Балалар күнінде Павлодар қаласының Орталық жағалауының төменгі бөлігінде бой көтерген «Еrtis Promenade» сахнасының кезекті кезеңі ашылады. Бұл маусымның ерекшелігі — үш ай бойы тек жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева хабарлады.

Светлана Гладышеваның сөзінше, елімізде орын алған су тасқынына байланысты осы маусымда елімізге белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетпейді. Есесіне, жергілікті әншілер мен өнерге жақын қарапайым қала тұрғындарының өнерін шыңдауға басты назар аударылды.

— Биыл республикалық деңгейдегі жұлдыздарды шақыру жоспарда жоқ. Бірақ демеушілердің ұсынысымен олардың қатысуын қарастырамыз. Павлодар өңірінің жұлдыздарына басты назар аударылады. Республика деңгейінде қаражатты тұрғындардың игілігі үшін үйлерді, адамдарға келтірілген залалды қалпына келтіруге бағыттау қажет деген шешім қабылданды. Сондықтан облыста ойын-сауық іс-шарасына бағытталған бюджет өзгертіледі, — деді С.Гладышева.

Светлана Анатольевна, сондай-ақ, бұл маусымның ашылуы 1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күніне сәйкес келіп тұрғанын атап өтті.

— Биыл «Еrtis Promenade» сахнасының кезекті маусымы мамыр айының соңында ашылуы қажет еді. Алайда ауа райының күрт салқындауына байланысты маусым айының 1-іне, яғни балаларды қорғау күніне шегердік. Күндіз М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының талантты оқушылары өнер көрсетсе, кешке жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік бағдарламалар өтеді. Біздің қазіргі мақсат – жергілікті өнерпаздар мен қала тұрғындарының шығармашылығын қолдау. Осы мақсатта Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қала тұрғындары арасында ән орындаудан байқау ұйымдастырды. Іріктеуден сүрінбей өткен 12 финалист бас сахнада өнер көрсетеді. Олардың кәсіби әншілік білімі жоқ. Араларында медицина, білім, индустрия саласында еңбек етіп жүрген жандар бар. Бірақ сахнада өздерін әнші ретінде сезінуіне мүмкіндік беріп отырмыз., — деді ол.

«Ertis Promenade» сахнасындағы концерттердің басым көпшілігіне жетекшілік етіп жүрген белгілі режиссер Алтынбек Рахметов осы маусымда көрермендерді талай қызықтың күтіп тұрғанын алға тартты.

— Өткен маусымның соңында «Ertis Promenade»-тың гимнін жазу туралы идея келді. Бұл идеяны әріптестерім де қолдады. Әнді жазуға жарты жылға жуық уақыт кетті. Гимн авторы — сазгер Ғалымбек Исембергенов. Екі тілде жазылған гимн осы маусымның ашылуында шырқалмақ. Көрермендерге тосын сый әзірлеу үстіндеміз, — деді белгілі продюсер.

Айта кетейік, кезекті маусым қыркүйек айының 17-іне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында шаһардың бас сахнасында қала мен аудандардың мәдениет күндері, мерекелік және мемлекеттік шаралар, кәсіби мерекелер, жергілікті өнерпаздардың шығар-машылық кештері, отандық кинофильмдер, 80-нші, 90-ншы, 2000-ншы жылдардағы хит музыка шығармалары, және заманауи композицияларды орындау жоспарланып отыр. Әр сәрсенбі күні сағат 20.00-ден 21.00 аралығында және сенбі, жексенбі күндері сағат 09.00-10.00 аралығында әртүрлі форматтағы спорттық жаттығулар өткізіледі.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.