С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол…» атты бес томдық жинақтың тұсаукесері өтті. Аталмыш еңбек ұлы ойшылдың таңдамалы шығармаларынан жинақталған.

«Сенімен Болашақ» респуб-ликалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол…» атты бес томдық таңдамалы шығармалар жинағын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бес томдық таңдамалы шығармалары «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының құрастыруымен шығарылды.

Жинаққа ақын Мәшһүр Жүсіптің дін, шариғат, ғылым, білім туралы өмірбаяндық жырларымен қатар, 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрген туындылары енді. Кітап фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалымдарға, жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінің студенттеріне, магистранттары мен РһD докторанттарына, жалпы, қалың көпшілік оқырман қауымға арналған.

Іс-шарада «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының басшысы Хызыр Жанарыс, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш, Адамның Үйлесімді даму ұлттық институты Павлодар облысы филиалы бойынша басшысы Әлия Жүнісова сөз сөйлеп, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Аспанбек Шұғатайдың арнауын орындады.

Шара барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай қазақ- тілді мобилографтар арасында ақынның өлеңдері бойынша республикалық байқаудың 2-орын иегері, 70 бейнероликтің ішінен лайықты деп танылған Павлодар облысының Заря ауылының тұрғыны Нұрқуат Садығазиннің бейнеролигі көрсетілді.

Аталмыш жинақ облыс бойынша мешіттерге, облыстық, аудандық кітапханаларға, жоғары оқу орындары мен колледж, мектеп кітапханаларына табысталды.

Өз тілшіміз.