Мемлекет соңғы уақытта мәдениет саласына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Оған 33 жылдың ішінде тозығы жеткен мәдениет үйлерінің күрделі жөндеуі мен құрылыс жұмыстары дәлел. Сонымен қатар, өнер адамдарының шығармашылықпен еш алаңсыз айналысуына барынша жағдай жасалуда. Нәтижесінде қазақ халқының мәдениеті шекаралас және шет елдерге танылып келеді.

Мәселен, осы жылы облыстың 3 елді мекенінде мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 19 өнер ордасы күрделі жөндеуден өтті. 1 мекемеде қайта құру жұмыстары,
1 нысанға блок-модульдік қазандық орнатылды. Сондай-ақ, 1 нысанның аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, 1 мәдени ғимаратқа демонтаж жұмыстары жүргізілді.

Биылғы жыл жергілікті театрлар үшін жемісті жыл болды. Мәселен, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының кезекті маусымы ашылысымен аймағымызда қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына орай «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі өтті.  Қойылымдар Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры және А.Чехов атындағы облыстық орыс драма театры сахналарында өтті. Ал 1-5 қазан аралығында павлодарлық қазақ театры Өскемен қаласында өткен Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестиваліне «Менің атым Қожа» спектаклімен қатысып, «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық» (1 млн теңге) аталымымен марапатталды. Жуырда сыншылардың екі бірдей аталымында үздік деп танылып, жылды табысты қорытындылады.

Сонымен қатар, жыл басынан бері өңірімізде айтыс өнері де ерекше дәріптелді. Жалпы, 5 айтыс ұйымдастырылды. Оның 2-уі республикалық деңгейде болса, 2-уі облыстық деңгейде өтті.

Облыстық музейлердің қабырғаларында да түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылды. Мысалға, Өскемен қаласының Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының қор коллекциясынан «Бір шаңырақ астында» көрмесі, «Ertis» музейінде «Самуил Дудин — фотограф, суретші, этнограф» Ұлы Петр  атындағы Санкт-Петербург қаласының антропология және этнография музейінің коллекциясынан фотокөрме және Қостанай тарихи-өлкетану музейінің қор коллекцияларынан «Мәңгілікке қол тигізу» көрмесі ашылды. Ал Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде аталмыш мәдени мекеменің 60 жылдығына арналған «ҚИМАҚ-ART» атты республикалық пленэрі өтті.

Сондай-ақ, Павлодар қаласының басты сахнасына айналған «Ertis Promenade» сахнасының кезекті маусымы ерекше бағытта өтті. Себебі, облысымызда алғаш рет «Караоке-PVL» жобасының 3 кезеңі дайындалып, ұйымдастырылды. Финалға қала тұрғындары арасынан 27 адам қатысып, жеңімпаздар қаламыздың сүйікті шығармашылық алаңында өнер көрсетті. Одан бөлек, 250 сағаттан астам концерттік бағдарлама өтті. Оған Павлодар қаласы мен Павлодар облысының 2 мыңнан астам тұрғыны мен өнер иелері қатысты. Сондай-ақ, концерттік бағдарламаларда «Ertis Promenade» сахнасында қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының 20 әртісі өнер көрсетті. Аталған шараларда аймағымыздың 600 мыңнан астам тұрғыны мен қонақтары көрермен болды.

А.БОРАНБАЕВА.