Биылғы маусым Иса Байзақов атындағы облыстық филармония үшін ерекше болмақ. Себебі, аталған мәдени орталықтың жанынан құрыл-ған ансамбльге есімі берілген белгілі күйші-домбырашы Рүстембек Омаровтың дүниеге келгеніне биыл 105 жыл және өнер иесінің киелі сахнада өнер көрсетуіне себепкер болған ұстазы, әнші Темірболат Арғынбаевтың туғанына 135 жыл толып отыр. Осыған орай павлодарлық өнерпаздар ауқымды концерттік бағдарламаны өткізуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көрермендерді өз шығармашылығымен таң қалдыруға дайын.

Тамыз айынан бастап филармонияның құрамындағы барлық тоғыз ансамбль дәстүрлі түрде қыркүйекте бастау алатын кезекті маусымға дайындалады. Биылғы маусымда да әр ансамбльдің көрермендерге дайындап қойған жаңалығы бар. Мәселен, симфониялық оркестр қыркүйек айының 22-сінде ауқымды концертті өткізуді жоспарлап қойған. Ал джаз оркестрі бар баритон триосы классикалық музыканы джазбен байналыстырып эксперимент жасап көрмек. Мың бұралған бишілер де кезекті маусымға білек сыбана кірескен. Сондай-ақ, әр жылда түрлі тәжірибе жасап жүрген камералық хор биыл мюзикл қоюды ұйғарған. Олар өткен жылы елімізде алғаш болып рок концертін өткізген еді. Осының нәтижесінде бүгінде филармония ұйымдастырған концерттерде бос орын таппайсыз.

Филармония әртістері әр маусымда дәстүрлі түрде аптасына бір-екі концерттік бағдарлама ұйымдастыруды дәстүрге айнал-дырған. Одан бөлек, шекара асып, әлемдік деңгейдегі концерттерде өнерлерін шыңдап жүр. Мәселен, өткен жылы симфониялық оркестр Италия елінде болып, 12 концертін өткізген. Алты италиялық дирижердің жетекшілігімен өткен шығармашылық кеш оркестр үшін үлкен тәжірибе болғаны анық.

Иса Байзақов атындағы филармония үшін биылғы маусым да ерекше болмақ. Өйткені, осы жылы аталмыш орталық Қазақ КСР халық әртісі, алғашқы кәсіби домбырашылардың бірі Рүстембек Омаров және белгілі өнер иесін сахнаға алып шыққан әнші Темірболат Арғынбаевтың 135 жылдығына орай ұйымдастырылатын байқаулар мен концерттік бағдарламаларға қызу дайындық үстінде.

– 2017 жылдан бастап қазақ халық аспаптар оркестріне өз заманының біртуар домбырашысы, жерлесіміз Рүстембек Омаровтың есімі берілді. Ал оның мерейтойына орай біз Павлодарда бірінші республикалық домбырашылар байқауын өткізуді жөн көрдік. Бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен таланттар келетініне сенімдіміз. Біз тәжірибелі орындаушыларды да, музыкаға құмар жас консерватория студенттерін де күтеміз, – дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі және дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімов.

Сондай-ақ, өнер ұжымы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының тапсырмасы бойынша қазақ халық аспаптар оркестрінің бір сағаттық концертін дайындап жатыр. Онда Рүстембек Омаров атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Нұр» би ансамблі және «САМЬЯН» камералық хор квинтетінің солистері өнер көрсетеді.

– Әрине, өнер адамдары бұл тапсырманы бірден қабылдады. Кез келген гастрольдік сапар бізге үлкен шабыт береді. Сондай-ақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойын-дарының концерттік бағдарламасына қатысу — біздің ұжым үшін зор бақыт. Бүгінде 40-қа жуық нөмірден тұратын екі ауқымды концертіміз дайын. Көрермен үшін мұндай концерт бар болғаны бір сағат болса, дайындық және ұйымдастыру жағынан көп уақытты талап етеді, — деп атап өтті облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожанов.

Филармонияның құрамындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің мүшелері де қазіргі уақытта күніне бірнеше сағат бойы қызу дайындық үстінде.

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көптеген елден келетін құрметті қонақтар, көрермендер мен қатысушылардың алдында өнер көрсету – бәріміз үшін зор мәртебе. Бұл жауапкершілік репетиция кезінде де сезіледі. Концерттік бағдарламада біз түркі мәдениетіне жақын және облысымызды танытатын туындыларды біріктіруге тырысамыз. Өңірді лайықты танытып, астаналық және шетелдік тыңдармандарды Павлодар өңірімен таныстыру мақсатында оркестр белгілі ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың сөзіне жазылған композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Баянауыл вальсін» шырқаймыз. Сонымен қатар. оркестрімізге есімі берілген Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» күйін және моңғол композиторы Чимбат Орхонботордың дирижер Талғат Кәрімовке арналған «Тұлпардың дубири» шығармасын көшпенділер ойынында орындаймыз, — дейді оркестрдің әртісі, қобызшы Әдия Сейсембаева.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.