Розовка ауылындағы ерекше сәулеткерлік үлгіде салынып, пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Үстіміздегі жылдың мамыр айының алғашқы аптасында басталған құрылыс жұмыстары бір-екі ай көлемінде тиянақталмақшы.
Айта кетейік, осыған дейін аталмыш мәдениет үйінің төбесінен тамшы үзіліп тұратын. Шатыры жөндеуді қажет еткен мәдени нысанның ішкі көркіңде де кем тұстары баршылық еді. Жергілікті тұрғындар аудан әкіміне ауылдың көшелерін қосымша асфальттау және ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары қажет ететіндігі жөнінде өтініштерін айтқан болатын. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар қабылданып, бұл мәселелерді орындау мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Нәтижесінде биыл ел қазынасынан 58 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары басталды.
Рождественка ауылдық округінің әкімі Рашид Галеев ағымдағы жөндеуді бекітілген мерзімде аяқтап, мәдени нысанды ел игілігіне тапсыру үшін жүйелі жұмыстар жасалып жатқандығын атады. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілу керектігін атап, мердігерлердің міндеті мен келісімшарт талаптарының орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын айтты.
— Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы. Адамның мәдениеттілігі оның бүкіл болмысын көрсетіп тұрады. Осындай рухани құндылықтарды дәріптейтін мәдени ошақтардың жаңарып, жаңғыртылуына үнемі көңіл бөліп келеміз. Ауылдық мәдениет үйінің ағымдағы жөндеу жұмыстары ауданның мәдениет саласының дамуына септігін тигізеді деп санаймын. Сол себепті құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуі үнемі бақылауда болуы қажет, – деді ол.
Ауылдық мәдениет үйінің директорының міндетін атқарушы Тағанбай Өтілов жөндеу жұмыстары барысында мәдениет үйінің төбесі жаңартылып, сыртқы фасады ауыстырылып, көп жылдан бері жөндеу көрмеген көрермендер залы, үйірмелерге арналған кабинеттер толық жөнделетінін жеткізді. Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын «НамысСтрой» ЖШС жүргізуде.
— Ауылдағы өнер мен мәдениеттің негізгі мекені болған бұл ғимарат 1960-ыншы жылдары бой көтерген. Міне, содан бері бұл нысан ел руханиятына тоқтаусыз қызмет жасап келеді. Алайда, уақыт өткенімен өнер тоқтамайды. Елде мәдениет өркендеп, шығармашыл жастар өсіп келеді. Сондықтан оларға қолайлы жағдай қажет. Міне, осы мақсатта қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — дейді мекеме басшысы.
Павлодар ауданы.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.