Бейнелеу де басқа өнер секілді түрлі жанрға бөлінеді. Соның ішінде пейзаж жанры ерекше орын алады. Павел Лысенко – осы жанрдың дамуына зор үлес қосқан тұлға. Үлес қосып қана қоймай, өзінше мектеп қалыптастырған деп айтуға болады. Жуырда Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретшінің 95 жылдығына орай көрме ашылды.

Экспозицияда қылқалам шеберінің музей қорында сақталған 40-қа жуық туындысы көрсетілді. Олардың көпшілігі пейзаж жанрында салынған. Павел Григорьевич әрқашан табиғатты таңдады және оның сұлулығы қылқалам шеберін шабыттандырды. Пейзажда суретшінің сезімі, көңіл-күйі, түсінігі, табиғатқа деген эстетикалық, этикалық көзқарасы аңғарылады. Суретші шығармашылығында ағаштар мен гүлдердің де орны бөлек. Оның туындылары өзгеше формасымен ғана емес, түрлі-түсті бояуларымен де ерекшеленеді. Осыдан-ақ суретшінің сезімін, көңіл-күйін, табиғатқа деген көзқарасын айқын аңғарасыз. Ол кісі тек пейзаж ғана емес, натюрморт пен портрет жанрында да жемісті жұмыс істеп, айшықты туындылар қалдырды. Павел Лысенко 1928 жылы Алтай өлкесінің Селиверстов ауылында дүниеге келген. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Ұстаздарының бірі профессор А.Черкасский болды. 1968 жылдан бастап ҚР Суретшілер одағының мүшесі, 2011 жылдан бастап ҚР Көркемөнер академиясының академигі, 2014 жылы ҚР «Құрмет» орденімен марапатталған. 1956 жылдан бастап Алматыдағы Қазақ бейнелеу өнері шеберханасында еңбек етіп, 1958 жылы Қарағанды қаласына қызметтік жолдамамен жіберіледі. Павел Григорьевич Лысенко Павлодар қаласына 1978 жылы қоныс аударып, шығармашылықпен айналысқан болатын. Қаламыздың алғашқы көркемсурет мектебінің ашылуына атсалысты. 1979-1985 жылдар арасында өнеркәсіп орындарында суретші-безендіруші болып, мектеп-студияларында сабақ берді, қаламыздың мектептерінде бейнелеу өнері мұғалімдеріне семинарлар жүргізіп, білімімен бөліскен. 1979-1981 жылдар арасында Павлодар қаласының көркемөнер өндірістік шеберханаларының көркемсурет кеңесінің басқарушысы, кейінгі жылдары оның белсенді қатысушысы болды. Кескіндеме өнерінің шебері өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын бейнелеу өнеріне арнап, республикалық, облыстық, аймақтық көрмелерінің белсенді қатысушысы болған. Шығармашылық туындылары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде (Алматы қ.), Павлодар облыстық көркемсурет музейінде, Қостанай қаласының көрме залында, отандық және шетелдік коллекционерлердің жеке жинақтарында сақтаулы.

А.БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.