Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.

Мәдениет ошақтарының ауыл, қаланың шырайын келтіріп, халықтың береке-бірлігін арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптеп, талантты өнерпаздардың қанатын қатайтуда маңызы зор. Осы орайда облысымызда 200-ге жуық мәдениет үйі мен клубтар өңіріміздегі мәдениет пен өнерді дәріптеу мақсатында еңбек етуде. Солардың бірі – Успен аудандық мәдениет үйі. Өткен жылы мәдениет үйінің қызметкерлері облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнер додасында» бас жүлдеге ие болып үздік атанды.

Перизат Құрманәлі басшылық етіп отырған мәдениет ордасы 1982 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде 1 аудандық және 19 ауылдық мәдениет үйінде 123 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 38 адам шығармашылық қызметкерлері болса, қалған 85-і – техникалық персонал. Осы уақыттан бері мәдени орталық мәдениет пен өнерді, елімізге белгілі тұлғаларды дәріптеп насихаттау барысында түрлі бағыттағы іс-шаралар мен кездесу кештерін өткізіп келеді. Одан бөлек, қызметкерлерінің ауызбіршілігі мол, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. Мәселен, өткен жылы ұжым өзінің мерейтойын үлкен шығармашылық концертпен атап өткен.

– Мыңжылдықтардан тамыр тартатын ұлттық өнерімізді дәріптеп, өнер саласында өзіндік ізі қалған тұлғаларды насихаттау бағытында жүйелі жоспар құрылды. Оның ішінде, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шаралар да бар. Әрине, біздің мәдениет қызметкерлері жоғары деңгейдегі іс-шараларды қабылдап, оларды жоғары деңгейде өткізудің бай тәжірибесі қалыптасты. Мұның бәрі – ел мәдениетінің мәртебесін арттыру мақсатында атқарылып жатқан үлкен шығармашылық еңбектердің бір парасы. Рухани жаңғыру жолындағы болашақ бағдары айқын мәдени орталық алдағы уақытта да осылайша өз жалғасын таба береді, – дейді П.Құрманәлі.

Аудандық мәдениет үйінің әдіскері Зухра Дюсекееваның сөзінше, аудан тұрғындарына, шығармашылық бірлестіктер мен жас дарынды өнарпаздарды қолдау, олардың шығармашылығына көмек көрсету мақсатында барлық мәдениет үйі мен клубтарында, кітапханаларда құрылымдық үйірмелердің қалың жұртшылыққа қашанда есігі ашық.

– Аудандық мәдениет үйінің шығармашылық құрамы аудан тұрғындарына арналған іс-шаралардың жаңа бағыттарын үнемі іздестіруде. Осы жылдың Наурыз мерекесі аясында алғаш рет «Бата – асыл мұра» атты аудандық байқауы өткізіліп, оған 11 адам қатысты. Байқау өте жарқын және әсерлі болды. Өткен жыл біздің ұжым үшін шығармашылық жағынан есте қаларлық жыл болды. Ауданның өнерпаздары қандай байқауға барса да, жүлдемен оралуды дәстүрге айналдырған. Халықаралық, респуб-ликалық, облыстық байқауларда аудан намысын қорғап жүрген өнерпаздардың есімін мақтанышпен айтамыз. Атап айтқанда, өткен жылы әріптестеріміз «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығының 20 жылдығына арналған «Өнер додасы» облыстық байқауында бас жүлденің иегері атанды. Одан бөлек, «Рухани қазына – 2024» атты республикалық фестивалінің облыстың мәдениет мекемелері арасында өткен іріктеуінде Успен аудандық мәдениет үйі оза шауып, республикалық байқауға жолдама алды. Алдағы уақытта Қостанай қаласында өтетін фестивальдің қорытынды кезеңінде біздің ұжым жақсы жүлдеге ие болады деп үміттенеміз, – дейді ол.

Әрбір үйірменің жыл көлемінде жасаған жұмыс жоспары бар. Сол жоспарға сай үйірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырады. Осындай тиянақты жұмыстардың нәтижесінде жыл көлемінде ауылдық, аудандық, облыстық байқауларға балаларды қатыстыру үнемі назарда ұсталады. Бүгінде аудан бойынша 78 клубтық құрылымдар бар. Оларға 600-ге жуық адам тартылған.

 Түйін:

Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.