Жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Немалевичи» акварель шеберханасының «Түсті өзен — 2023» атты көрмесінің ашылуы өтті. Аталмыш студия сегіз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл бұл шеберхана өз туындыларын Павлодар тұрғындарының назарына бесінші рет ұсынды.

Бұл көрменің ашылуына облыс әкімі Асайын Байхановтың қосқан үлесі зор. Себебі, аймақ басшысы өткен жылы «Немалевичи» көрмесіне қатысып, акварель қағазын тегін сыйға тартқан. Соның нәтижесінде қатысушылар келесі көрмені туған өлкемізге арнауды жөн санаған. Аталмыш жиынға Асайын Қуандықұлы да қатысты.

— Көрмеге қойылған картиналар шынайылығымен таң қалдырды. Ал кәсіби емес суретшілердің кескіндемедегі күрделі әдіс-тәсілдерінің бірін меңгеруі тіпті ғажап. Бір қуантарлығы, Павлодар өңірінің тұрғындары туған жердің сұлулығынан шабыттанып, бұл олардың туындыларында көрініс табады. Қылқалам шеберлері шығармашылықтың жаңа биіктерін аша берсін. Шығармашылыққа жаны жақын адамдарға бұл музейге келуге, жергілікті әуесқой суретшілердің картиналарынан ерекше атмосфера мен тыныштықтан ләззат алуға кеңес беремін, — дейді А.Байханов. Көрмеге 28 әуесқой суретші қатысып, олардың 75 жұмысы ұсынылды. Сондай-ақ, студия жетекшісі әрі театр суретшісі, 30-дан астам халықаралық көрменің лауреаты Светлана Кравченко өз жұмысын ұсынды. Суретшілердің көбінесе пейзаждарға көңіл аударғанын байқауға болады. Картина арқылы туған жердің сұлулығын, Павлодар облысының қарқынды дамып келе жатқанын және Павлодар қаласының белгілі тұлғаларының бірнеше портреттерін көруге мүмкіндік болды. Көрме осы айдың 19-ына дейін жұмыс істейді.

А.БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.