Сүйінші!!! Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2023» Театр өнерінің кәсіби сыйлығында «Жылдың үздік театр менеджері» аталымын жеңіп алды.

Арман Темірбек 2018 жылы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы болып тағайындалды. Ол 5 жылдың ішінде түрлі қойылымды көрермен назарына ұсынып, өнер ордасына жетекшілік етіп келеді.

Арман Темірбектің басқаруындағы театрда осыдан 2 жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың шатыры ауыстырылып, үлкен зал, терезелері жаңартылды.

Өнер ұжымы театр фестивальдарына жиі қатысып, байқаулардан жүлделі оралатын сәттері де аз емес. Атап айтсақ, былтыр күзде Көкшетау қаласында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыка-драма театрының 25 жылдығына орай ұйым-дастырылған аймақтық фестивальда «Ревизор» спектаклімен (режиссері Әділет Ақанов) «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымын жеңіп алды. Бір ай уақыт өтер-өтпестен Қарағанды қаласындағы Әшірбек Сығай атындағы «Сын шын болсын!» фестивалінде театр әртісі Еркежан Төлеубек әйелдер арасында «Үздік эпизодтық рөл» аталымына ие болды.

Театр биыл да көрермендерді жетістігімен қуантып келеді. Жақында Атырау қаласы Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен өткен режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Чапай Зұлхаш атындағы тұңғыш рет республикалық режиссерлар мен сценографтардың фестиваль-форумында жергілікті театр Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» қойылымымен қатысып, өнер ұжымының талантты актрисасы Бахаргүл Құрбанова Елена Сергеевна рөлі үшін «Үздік актриса» аталымын жеңіп алды.

Өз тілшіміз.