Облысымызда шығармашылық, интеллектуалдық, спорттық жетістіктерімен еліміздің намысын қорғап, облысымыздың атын шығарып жүрген жастар аз емес. Биік белестерді бағындырып жүрген оқушылар мен студенттер Республика күні қарсаңында «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталды.

Достық үйінде өткен салтанатты жиында облыс әкімі Асайын Байханов облыстық, республикалық, халықаралық зияткерлік конкурстар мен олимпиадалар, спорттық және шығармашылық жарыстар, кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығын тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық маңызы бар іс атқарған жастар да марапатталды.

— Дарынды балалар және көшбасшы жастарды тәрбиелеу – ел Президенті ерекше назар аударатын мемлекеттік білім беру саясатының маңызды бағыттарының бірі. Республика күні қарсаңында біз «Тәуелсіздік ұланы» белгісінің жаңа иегерлеріне құрмет көрсетеміз. балаларымызды табысқа жету жолында ертіп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтамын, — деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Биыл үшінші мәрте тағайындалған «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығына екі жылда облыс бойынша 404 оқушы ие болған. Биыл байқауға қатысуға 700 үміткер өтінім берілген. Облыстың кезеңге өткен 365 үміткердің арасынан қазылар алқасының шешімімен «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Кәсіби шеберлік», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік», «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» аталымдарында үздік шыққан 100 үміткер анықталды. Дарынды балаларды қолдау мақсатында берілетін «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының иегерлері төсбелгімен және 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірреттік ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Т.ӘБІЛДА.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.