Павлодарда атақты драматург Уильям Шекспирдің «Ричард ІІІ» атты қойылымы сахналанды. Премьераны Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова бастаған өңірдің зиялы қауым өкілдері және театрсүйер көрермен тамашалады.

Бұл танымал шығармадағы басты кейіпкер король Ричард тумысынан өте ұсқынсыз, арқасында бүкірі бар бала болып дүниеге келген сәтте оның өз анасы да одан шошынған. Екі аяғының ұзындығы екі түрлі, ұсқынсыз бала өмір бойы халықтан тек қорлық пен келемеждеу ғана көреді. Алайда, Жаратушы Ричардтың кескін-келбетін келістірмегенімен оның ақыл-ойын, иірімді шешім қабылдау қабілетін асыра берген. Ричард билікке қол жеткізу үшін қантөгіске барады. Шекспир өзінің басты кейіпкерін психологиялық тұрғыдан өте күрделі етіп жасаған.

Ол мүгедек……

Ол ұсқынсыз……

Оның бар ойы кек алу……

Оның өткен күндері құлағына сәтсіз уақыттарын, бақытсыз күндерін сыбырлайды……

Оның бойы қатігездікке толы…

Бірақ, оны жауыз еткен кім?

Қойылым бойы көрермен осы сұрақтың жауабын іздейді. Ричардтың ұсқынсыздығына бола шеттеткен қоғам оның бойындағы жауыздықты қоздырды. Басты кейіпкерді анасынан бастап қара халыққа дейін сүймеген, қабылдамаған. Осылайша қатыгез, қанішер Ричардты қоғамның өзі жасап алған.

– Шекспирдің туындылары әрқашан өзекті. Театрымыздың репертуарына У.Шекспирдің қойылымы енгеніне өте қуаныш-тымыз. Оның туындылары әр театрда қойыла бермейді. Оған труппа дайын болуы керек. Үздік ондыққа еніп, өзін дәлелдеген үлкен суреткер, ресейлік Сергей Левицкийдің театрымызда қойылым қоюы – біз үшін үлкен жетістік. Премьераны дайындау барысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Біздің актерларға ол кісімен жұмыс істеу қызықты болды деп ойлаймын, – деді театр режиссері Әділет Ақанов. Әлемге әйгілі Шекспирдің «Ричард ІІІ» тарихи пьесасы дүниежүзінің көптеген үлкен сахналарында қойылған. Бес актіден тұратын пьесада жантүршігерлік сюжеттер мен бас кейіпкердің зұлым образы толықтай ашылады. Әлемдік деңгейдегі танымал шығармада король Ричард өте ақылды зұлым, бойында күш-жігері бар зұлым ретінде көрсетілген. Аймауытов театрының кезекті премьерасын белгілі театр сыншысы, Қазақстан театр сыншылар бірлестігінің төрайымы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, Өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Еркебай арнайы тамашалап, қойылымға сараптама жасай отырып жылы лебізін білдірді.

– Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театры арнайы сыншыларды шақырып, премьералық спектакльдерін көрсетіп, оны талдатып, үлкен жұмыстарды бірге атқарып келеді. Ұжым игі бастаманың жемісін де көріп жатыр, – дейді сыншы Анар Еркебай. Атақты ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің 1592-1594 жылдар аралығында жазылған «Ричард III» тарихи пьесасында Англия королі Ричард III билікке келуін және одан кейінгі қысқаша билігін бейнелейді. Драматург бұл шығармасында тағдыр мен уақытты өзіне бағындыруға ұмтылған ІІІ Ричардтың тарихи тұлғасын көрсетуге тырысқан. XVI ғасырдағы тарихи оқиғалар баяндалған классикалық туынды қазіргі уақытта да өзектілігін жоймаған.

– «Ричард III» – заманауи театрлық формадағы бүгінгі күні өзекті сахналық тілде ойналатын жарқын, эмоцияға толы қойылым. Бұл – Шекспирдің мәтіні арқылы өзін өркениеті дамыған деп санайтын қоғамның бүгінгі күні мен күйін түсінудің бірден-бір жолы, – дейді С.Левицкий. Театр ұжымы драматургтің шығармасы арқылы көрермендерге қазіргі қоғамды, адамның зұлымдығы мен озбырлығының пайда болу табиғатын түсіндіруге әрекет жасаған. У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» шығармасын Әбіл Мирас қазақ тіліне аударған. Қойылымды симфониялық оркестр сүйемелдеді. Дирижері – Болат Рақымжанов. Қойылым режиссері, қоюшы-суретші, костюмдер мен өндірістің жарық суретшісі – Сергей Левицкий. Жүсіпбек театры – оның шығармашылық тәжірибесіндегі екінші қазақ театры. Бұған дейін ресейлік режиссер Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедия» қойылымын сахналаған. «Ричард ІІІ» қойылымын тамашалауға келген көрермен уақытша сыртқы әлемнен алшақтап, Шекспирдің дәуіріне енгендей болды. Сахналық қойылымда билікке жету, бақталастық, таққа талас кезінде қатыгез тәсілдермен адам өмірін қия отырып, мақсатына жетуге ұмтылған сәттер көрсетілді. Адамның әлеуметтік дәрежесіне қарамастан, кісілік қасиеттері бағалануы тиіс дегенді меңзеген трагедиялық шығарманың желісі көрермендерге терең ой салды. Театр әртістері тарихи қойылымның тұсаукесеріне 4 айға жуық уақыт дайындалған. Пьеса 16 жастан асқан көрер-мендерге арналған. Премьера аясында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Шекспир барлық уақытта!» атты драма-тургтың кітаптарынан көрме ұйымдастырды.

 

Торғын ОРАЗАЛЫ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.