Павлодар қаласының №41 дене шынықтыру және сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет
ететін ұстаз Әсел Бекжігіт жеке брендімен киімдер коллекциясын шығарады. Бірнеше жыл бұрын қолға алған өнерін дамыта келе қолөнер шебері ұлттық нақыштағы киімдер тігіп, өзінің жеке брендін қалыптастырған.

– Бұл іс декреттік демалыс кезінде, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын балабақшадағы балаларыма қажетті мерекелік киімдер тігіп көруден басталды. Негізгі мамандығым – суретші. Ал коллекция ашуыма киімге деген сұраныс себеп болды, – дейді Әсел Бекжігіт. Бүгінгі таңда ұлттық киімді насихаттап жүрген тігіншінің шәкірттері де бар.

– Қолөнерімді дамытуға мектеп бағдарламасы зор септігін тигізді. Себебі бағдарламада ас үй жабдықтары, сәндік бұйымдар мен киім үлгілері бар. Сабақ барысында жоғары сынып оқушылары да үйренуге қызығушылық танытуда. Өткен жылдары осы тігін дизайн саласына оқуға түскен қыздарымыз да бар, – дейді ол. Оның айтуынша, білім ордасының ішінде ұлттық өнерді насихаттауға мектеп директоры да үлес қосуда.

– Талабымды байқаған мектеп басшысы Нұргүл Шампатқызы қолдау көрсетіп, жеке логотипім мен брендімнің қалыптасып, дамуына зор ықпал етті. Әрдайым бұйымдарымды қалалық, облыстық байқауларға шығарып отырады, – дейді ұстаз. Айта кету керек, Әсел Бекжігіттің коллекциясында ұлттық нақыш-тағы қол дорбалар мен тақиялар, шапандар және дастархандар бар.

Өз тілшіміз.