Бұрнағы күні елімізде мәдениет және өнер қызметкерлері күні тойланды. Айтулы мереке облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында аталып өтті.

Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, мәдениет саласының ардагерлері, қала-аудандағы сала өкілдері, жергілікті өнерпаздар қатысты. Аймақ басшысы жинал-ғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан сала өкілдеріне алғысын білдірді.

— Ертіс-Баян өңірі мәдениеттің қасиетті шаңырағы десем, артық айтқандық емес. Өйткені біздің облыс — талай өнер майталманының мекені. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде болашаққа сеніммен қадам басу үшін тарихымызды біліп, мәдени мұрамызды дәріптеуіміз қажет деп айтқан болатын. Сондықтан ұлтымыздың руханияты мен болмысын сақтауда мәдениет қызметкерлерінің үлесі мол. Бұл мереке облысымыздың мәдениет және өнер саласының 4 мыңнан астам өкілін біріктіреді. Облыс мәдениеті қарқынды дамуда. Оған аймағымыздың талантты жастары халықаралық сайыстарда талай жеңіске жетуі, өңіріміздің атын шығарған өнер додасы – «Жекпе жек», «Шексіз» және «Жыл айтыс-кері» сияқты шығармашылық жобалар да дәлел болды. Биыл мәдениет саласын қаржыландыруды 20 пайызға арттырдық. Сондай-ақ, 1 млрд теңгеден астам қаражат Ақсу қаласына қарасты Алғабас, Баянауыл ауданындағы Ақши, Тереңкөл ауданындағы Береговой ауылдарында мәдениет үйлерін салуға және қайта қалпына келтіруге бағытталды. Мерейлі мерекеде мәдениет қызметкерлеріне мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, шығармашылық табыс тілеймін. Мәдениетіміздің тұғыры биік болсын, — деді Асайын Қуандықұлы.

Мерейлі мерекеде аймақ басшысы мәдениет саласының бір топ қызметкеріне марапат табыс етті. Бұл ретте өңіріміздің мәдениеті мен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Мұхамет-Қайыр Шәріпов, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Әділбек Әміренов, белгілі продюсер, режиссер Алтынбек Рахметов «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Ақтоғай аудандық мәдениет үйінің нұсқаушысы Бейсенбі Мұқажанов, облыстық  мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Қайырбек Қарғасеков, Ақтоғай аудандық кітапхана жүйесінің ардагері, зейнеткер Дана Жармакина ҚР «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды. Бұдан бөлек, бірқатар сала өкілдері «Мәдениет саласының үздігі», облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатына ие болды.

Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты. Облыстық іргелі мәдениет өнерпаздарынан бөлек аудандардың да өнер ұжымдары ән мен биден шашу шашты.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.