Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы Павлодар облыстық көркем-сурет музейінде Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына арналған дербес көрме ашылды. Көрмеде қылқалам шеберінің 30-дан астам акварель туындысы ұсынылған.

Әбілхан Қастеев – қазақ мәдениетіндегі үлкен құбылыс. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР Халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

XX ғасырдың басында әлеуметтік, саяси-идеологиялық катаклизмдер  барлық дүниеде бірдей жүріп жатқан кезде Ә.Қастеевтің өмірлік, шығармашылық жолының басталуы сәйкес келген. Адамдар ғасырлар бойы қалыптасқан тірлікті жаңа жағдайда жаңаша құруға тиіс болды. Ә.Қастеев те сол ұрпақтың өкілі еді. Ол ескіні жеріне жете жамандап, жаңаны тым асыра дәріптемей, әр жылдардың өзіне тән қарапайым бар көрінісін көз алдымызға тартады. Сол заманның жаңа құрылыстарын, өнеркәсіптерін шынайы бейнелейді. Бұл суреттер фотокөшірме емес, әр реңкілі бояулармен өрнектелген шындық шежіресі іспетті.

Қылқалам шеберінің басты тақырыптарының бірі – табиғат, пейзаж жанры еді. Қастеев шығармаларының кейіпкерлері тек танымал адамдар емес, көбінесе қарапайым кісілер: мұғалімдер, жұмысшылар, өндіріс озаттары мен Еңбек Ерлері болды. Суретші табиғатқа жан бітіріп, сөйлетеміз деп айналаны жіті бақылап, жаттығудан жалықпайтын.

Әбілхан Қастеев – бейнелеу өнерінің жанрлық жағынан жедел де жан-жақты өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жасампаз қылқалам шебері. Көзі тірісінде 200-ден астам көрмеге қатысты. Оның шығармалары өз ұлтының ұғымына тән бояумен, талап-талғаммен бейнеленді. Қылқалам тілімен шерткен шежіресі, сыры қай елге болса да таңсық. Қастеев туындылары Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Канада, Бразилия, Франция Индонезия, ГДР, Венгрия, Ресей, Югославия, Польша, Болгария, Моңғолия сияқты шетелдерді шарлап кетті. Халқын сүйген, халқы құрметтеген суретшінің туындылары үлкен өнер шаңырағының қақ төрінде тұр.

Өз тілшіміз.