Павлодар қаласындағы №10 балабақшасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Қош келдің, әз Наурыз!» атты әсерлі мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Думанға толы бұл күн балғын бүлдіршіндерге ұмытылмас қуаныш сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты.
Мерекенің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына деген құрметті қалыптастыру, мәдени мұраны дәріптеу және рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру болды. Осы бағытта ұйымдастырылған әрбір көрініс мазмұнға бай, тәрбиелік мәнге толы болды.
Балабақшаның басшысы Маржангүл Жетпістің айтуынша, бұған дейін балабақша қабырғасында Наурызнаманың онкүндігі жоғары деңгейде атап өтілген. Ал жер қарайып, күн жылынған сәтте Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту ұйғарылған.
– Шараның өтуіне балабақша қызме-ткерлерімен қатар ата-аналар да белсенді атсалысты. Олардың және педагогтердің бастамасымен балабақша аумағында төрт киіз үй тігіліп, мерекелік жәрмеңке ұйымдас-тырылды. Киіз үйлер ішінде қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, осы киіз үйлерді безендіру бойынша «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылды. Киіз үйлер ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарға сай безендірілу талаптары бойынша бағаланды. Шараға балабақша тәрбиеленушілері, тәрбиешілер және ата-аналар қатысты, –
дейді М.Жетпіс.
Шара барысында ұлттық кейіпкерлер сахна төріне шығып, театрландырылған көріністер арқылы көрермендерді ертегідей әсерге бөледі. Балалардың орындау-ындағы халық әндері мен ұлттық билер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, оркестрлік шығармалар мерекенің сәнін арттыра түсті.
Қонақтарға арналып жайылған дастарқаннан ұлттық тағамдар ұсынылып, жиналған қауым қазақтың дәмді асынан ауыз тиді. Сонымен қатар, ұлттық ойындар ойнатылып, балалар ерекше белсенділік танытты. Шығармашылық арт-алаңда бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетіп, қиялдарын қағаз бетіне түсірді.
Мереке аясында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар өз шеберліктерін паш етті. Сондай-ақ, қайырымдылық жәрмеңкесі өткізіліп, одан жиналған қаражат балабақшада экологиялық кабинет ашуға бағытталатыны айтылды. Бұл игі бастама көпшіліктің қолдауына ие болды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
