Дана халқымыздан жеткен Наурыз көже – ұлтымыздың ырзығы мен адал ақ асы.  Қазақи құндылықтарымыздың мәйегі болған ұлттық тағам молшылық пен жақсылықтың жоралғысы болған. Ашықсаң тойдыратын, шөлдесең шөліңді басатын киелі астың бірі осы – наурыз көже.

Наурыз көженің жеті түрлі дәмнен жасалатыны баршамызға мәлім. Қазақ ұғымында жеті санының киелі сан екені бәріне аян. Көже құрамына кіретін дәмдер де қасиетті саналады. Негізінде көжені қыстан қалған дәнді дақылдардан істеген. Сондықтан көженің құрамын әркім әр түрлі айтады. Қалай дегенмен де оның жетеу екендігі анық.

Әз Наурыздың құрамдас бөлігінің бірі – Наурыз көже. Ұлттық тағам әр дастарханның көркі болған. Дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты жеті түрлі дәмді пайдаланған. Сонымен қатар, соғымның сыбағасы ретінде қазы мен шұжықты ұсақтап тураса, ұзынсарының белгісі ретінде сүр етті де майдалап араластырған. Халқымыздың төл кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, наурыз көженің құрамына міндетті түрде төрт түлік малдың өнімдері қосылған.

Көптеген дерекке көз жүгіртсек, наурыз көже Әз Наурыз мерекесінен ертерек әзірленетін болған.  Қыстың боранды күндері жылқының соңынан кеткен ер-азаматтар, көктемнің алғашқы шуағымен елге оралып, отбасымен қауышқан. Азаматтарымыз «Аман-есен оралды» деген хабар таратылып, шүйіншілеген халық бас қосып мәз-мейрам болған. Малдарының өріске шығып, төлдеп жатқан уақытында, көктемнің алғашқы күндері амалдап көрісудің қамын жасап, ел аралаған. Әжелеріміз «Аман-сау көрістік пе?» деп бауырсақ пісіріп,  наурыз көже дайындаған. Ауқатты жандар наурыз айының алғашқы жұмасында ертерек тұрып, таң намазынан шыққан жамағатқа наурыз көже ұсынып, дастарханына бата сұраған. Демек, Наурыз көже – көшпенділердің әр қыстан аман-есен шығып, ағайын-туыстармен көрісуінен басталған.

Бүгінде Наурыз көже өркениеттілік пен сәнділіктің қармағына ілінген. Небір дәмді дәмдеуіштерден әзірленген көжені стақанмен ұсынады. Кейбірінің сұйықтығы соншама, құрамында не барын түсінбейсің. Ертеректе көжені бір қолыңа, бауырсақты екінші қолыңа ұсынып, қалтаңа құрт салып беретін. Қазір банан мен кәмпит ұстатып жібереді. Көшеде Наурыз көжені құйып тұрған адамның қабағына қарап, тәбетің қашып кетеді.

Шіркін, ауылға не жетсін… Қай үйге барсаң да дастархан жаюлы, аналарымыз «Жоғары шық» десе, жеңгелеріміз «Наурыз көжеден дәм татыңыз» деп күлімдеп тұрады. Әкелеріміз марқайып төрге шақырады. Халықта «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!»  деген сенім бар. Наурыз бата берілген соң жиналған халық: «Ақ мол болсын!» деген тілек айтып тарқасады. Қалай дегенмен де нағыз Наурыз көже ауылдан шыққан.

Көнекөз қарттарымыздың пайымдауынша, наурыз көженің тарихы Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келіп тоқтағаннан кейін, топан су тартылып, кемедегі жан-жануарлар жерге түскен кездегі қуаныштан басталған. Мәшһүр-Жүсіп «Нұх, Наурыз тарихы» деген шығармасында: «Естіген құлақтың жазығы жоқ, құйттай күнімізде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүруші еді: «Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен, Ол кеменің тақтайын тышқан тескен – деп. Бұл – естіген сөз», – деп бастап топан судың тарихын баяндай келе, Нұх пайғамбардың топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді.  Сонымен қатар, қазанға дорбаның түбінде қалған бидай, арпа, ноқат, бұршақ, құмық секілді дақылдарды айран-сүтке малып, жеңсік ас әзірлеп, арқа-жарқа болып той жасағанда баян етеді. Бұдан кейін адамзат баласы әр жылы топан су қасіретінен құтылған күннің құрметіне Мұхаррам айының оныншы күні Ашура мерекесін дәстүрлі түрде тойлай бастаған. Демек, Нұх пайғамбардың көпшілікпен жасаған асы Наурыз көже болса керек.

Наурыз көжені «көпшіліктің асы» деп, бекер айтпаған. Кедейге – тоқшылық, байға – қанағат болған көжеден ұлылар да дәм татқан. Ынтымақ – бірлікті аңсаған әжелеріміз, «Үйдегілер де дәм татсын», – деп көршісінің үйінен кесе толы наурыз көжені өзінің үйінде әзірленіп жатқан көжеге қосқан.  Бұл біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген ұғымды қалыптастырған. Ырымға сенсек, наурыз көжені кесеге толтыра құйып, «Несібем ақ әрі мол болсын», деп тауыса ішкен. Наурызда күн мен түн теңелсе, наурыз көжеде қыстың асы – ет, көктемнің асы – сүт пен уыз қауышып, тоқшылықты меңзейді. Ендігі бір деректерге көз жүгіртсек, ақсүйектер Наурыз көжеге соғымнан сақталған малдың басын салған. Мағжан Жұмабаев: «… қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты, шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді… Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен,  қыс тамағы етпен (қызылмен) қоштасу», – деп жазады.

Әсет ПАЗЫЛОВ, Мәшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі, Баянауыл ауданы.