Бүгінгі таңда қоғамды толғандыратын өзекті мәселенің бірі — халықтың өмір сүру деңгейі мен әкімшілік айыппұлдар көлемінің сәйкес келмеуі. Мәселен, соңғы кездері автосүйер қауым шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесін кейінге шегеріп, жол жүру ережесін елеусіз бұзсақ, шамадан тыс көп ақша төлейміз деп шағымдануда. Алайда кептеліс кезінде алды ашық болмаса да, жолдың ортасына шығып алатын жүргізушілер де көп. Камера мұндайды қалт жібермейді. Жалпы, облыс орталығында осындай «көзі қырағы» қанша бейнебақылау камералары бар? Айыппұл арқаламаудың жолы қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаевпен әңгімелестік.

— Бүгінгі таңда көліктің жылдам-дығымен қоса, жүргізушінің белбеу таққан-тақпағанын анықтайтын бейнебақылау жүйелері бар. Облыс орталығы мұндай заманауи техникамен қаншалықты қамтылған? 

— Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс орталығындағы көшелерде бейнебақылау камераларынан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеудің 41 автоматты жүйесі орнатылған. Бұл жүйелер тек жылдамдық режимін ғана емес, сонымен қатар, бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуін және жол белгілерін бұзуды бақылауға және тіркеуге қабілетті. Онымен қоса, жүйелер көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқиды және таниды, жолдардағы бұзушылықтардың бейнежазбасын әртүрлі бұрыштардан жасайды және оларды орталық серверге жібереді.

— Көлік иесіне айыппұл келді делік, ол оның заңды-заңсыздығын қалай тексере алады?

— Әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеу автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық құралдармен жүзеге асырылады. Бейнебақылау жүйелері фото және видео жазба аппараттық-бағдарламалық кешендерінде тексеру нәтижелері негізінде «Қазақстандық сараптау және сертификаттау орталығы» ЖШС берген тексеру куәліктері бар. Оған сәйкес өлшеу құралдары қолдануға жарамды және пайдалануға рұқсат етілген. Сондықтан әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша қателіктер болуы мүмкін емес. Ал, енді бағдаршамның жасыл түсіне үлгере алмай, «Stop» сызығын басып барып немесе одан сәл асып тоқтайтын жүргізушілердің әрекетін әкімшілік полицияның талдау орталығындағы жол инспекторлары мұқият тексеріп шығады.

— Жол жүру ережесін бұзудың қандай фактілері жиі кездеседі? 

— Ағымдағы жылдың 6 айында Павлодар қаласында «Redspeed», «Интегра-КДҚ» ЖҚБИЖ, «Автоураган» АБК жүйелерімен 21 449 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталды. Олар бойынша бұзушыларға 277 млн 999 мың 275 теңге сомасында айыппұл салу туралы ұйғарым жазылды.  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы бойынша жылдамдықты асырғаны үшін 273 млн 792 мың теңге сомасына 21 014 ұйғарым шығарылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабы бойынша бағдаршамның тыйым салу сигналына жол жүргені үшін — 2 млн 225 мың 250 теңге сомасына 112 нұсқама берілді. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 601–бабы 323 нұсқама бойынша жылдамдық режимін, тоқтату сызық-тарын және бағдаршамның қызыл сигналын бұзғаны үшін 1 млн 982 мың теңге сомасына айыппұл салынды. Тәртіп бұзушы жүргізушілерге нұсқамалар тұрғылықты жері бойынша «Қазпошта» АҚ арқылы жіберіледі. Жіберілген нұсқамалар бойынша 241 млн теңгеге жуық айыппұл төленді.

— Келген айыппұлдың 50 пайызын төлеуге бола ма?

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам өзінің кінәсін мойындаған жағдайда 7 жұмыс күні ішінде айыппұл мөлшерінің 50пайызын төлеуге мүмкіндігі бар.

— Ақпаратыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан — А.МҰҚЫШЕВ.