Құқық бұзушылықтарды, оның ішінде алкогольдік масаң күйде жасалған құқық бұзушы-лықтарды алдын алу мақсатында полицейлер тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Ағымдағы жылдың бес айында алкогольге қарсы заңнаманы бұзуға қатысты 4 мыңнан астам факті тіркелді.

Жыл басынан бері Павлодар облысында құқықтық тәртіп сақшылары түнгі уақытта алкогольді сатудың 133 фактісін және тиісті лицензиясыз алкоголь өнімін сатудың 31 фактісін анықтады. Барлық дүкен иелері жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық жерде алкоголь өнімдерін ішудің немесе мас күйде болудың 4062 фактісі тіркелді.

— Статистика көрсеткендей, жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі — қоғамдық жерде алкоголь ішу. Баптың нормасы, алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті, адамгершілікті қамтамасыз етуге, мас күйінде басқаларға қауіп төндірмеуге бағытталған. Мысалы, қала тұрғыны полицияға хабарласып, мас адамның орталық жағалауда жүргенін және өтіп бара жатқан адамдарға дөрекі сөз айтқанын хабарлады. Келген патруль құқық бұзушыны орташа ауырлықтағы мас күйінде куәландыруға жеткізді. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалды, материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, —
дейді полицейлер.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.