Аймағымызда жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Биыл жыл басынан бері осындай 357 жағдай тіркелген. Айтпай келетін апат салдарынан балалар көбірек жапа шегуде. Бұл жөнінде бұрнағы күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

 

Мамандардың айтуынша, әр-бір бесінші баланың жол-көлік оқиғасынан зардап шегетіні анықталған. ҚР Бас прокура-турасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департа-менті басшысының орынбасары Жәнібек Кенжебаевтің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 458 адам жол-көлік оқиғасына тап болып, 23 тұрғын қаза тапқан. Олардың ішінде балалар да бар. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған 94 жеткіншек жарақат алған.

Облыстық полиция депар-таментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафиновтің айтуынша, соңы өлімге әкеліп соққан апаттың көбі тұрғындардың жол жүру ережелерін сақтамауынан орын алған. Мәселен, биыл рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өткен 8 адам, бағдаршамға бағынбаған 1 тұрғын, қарсы жолға шыққан 4 жүргізуші жан тапсырған. Басқа да себептерге байланысты жол апатынан болған өлім-жітім тіркелген.

– Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында полиция жыл басынан бері 56 мыңға жуық ереже бұзғандарды анықтады. Оның ішінде мас күйінде көлік құралдарын басқарғаны үшін 606 адам әкімшілік жауапкерші-лікке, бұрын жүргізу құқығынан айырылған 35 мас жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жылдамдықты асырған 18 445 жүргізуші, қарсы жолаққа шыққаны үшін 102 азамат, апаттық жағдай жасағаны үшін 205, көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 1142, бекітілмеген қауіпсіздік белдігі үшін 3937 тұрғын анықталып, заң бойынша шара қолданылды, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол жыл басынан бері автожолдарға 581 тексеру жүргізілгенін мәлім етті. Нәтижесінде, 889 ақау анықталып, зерттеу қорытынды-лары бойынша кемшіліктерді жоюға нұсқау берілген. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларына тосқауыл қою мақсатында арнайы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатқаны да айтылды. Ендігі кезекте ұзындығы 33 шақырымдық асфальтбетон жабыны бар 14 көшені жөндеу және ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын 10 көше мен тұйық көшелерді асфальттау қолға алынбақ. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының барлық көшелері бойынша асфальтбетон жабыны бар жол белгілерін жаңарту және салу, сыртқы жарықтандыру желісінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін шамдарды ауыстыру, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жарықтандыру тіректерін орнату жоспарлануда. Басқарма басшысы облысымызда бейнебақылау камераларының аз болуы да жол апатына себепкер болатынын айтып, «Сергек» камераларын көбейту үшін әкімдікке өтінім берілгенін жеткізді.

Облыстық прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі басқармасының аға прокуроры Ерсұлтан Ермеков осы айда прокуратура тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік стандарттарды сақтау мәселелері бойынша талдау жүргізілгенін айтып, оның қорытындысымен бөлісті.

– Жолдарды жөндеу жұмыс-тарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелері толық сақталмайтыны, атап айтқанда, жол белгілері, бағдаршамдар, таңбалар, бағыттаушы және қоршау құрылғыларының жоқ екендігі анықталды. Мұндай талаптың сақталмауының салдарынан жақында ғана Ақсу қаласында қайғылы жағдай орын алды. Яғни, «Павлодар-Ақсу» автожолында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде екі жасөспірім опат болды. Аталған  факті бойынша Ақсу қаласының полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Облыс прокуратурасы ағымдағы жылдың 13 мамыры мен 13 маусымы аралығында құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын іске асырып, жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған билбордтар орналастырды. Бұдан бөлек, халық арасында түсіндіру жұмыстары кешенді түрде жалғасатын болады, – деп атап өтті Ерсұлтан Ермеков.

 

Нұржайна ШОДЫР.