Бүгінгі таңда облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 510 полиция қызметкері және №5512 әскери бөлімінің 130 әскери қызметшісі жұмыс атқарады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері де атсалысады. Қырағы полицейлер мен сардар сарбаздардың басты міндеті – қоғамда тыныштық орнатып, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтау.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров қазіргі уақытта Павлодар қаласында «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, аталмыш жоба аясында цифрландыруды енгізу бөлігінде «102» омниканалды байланыс мобильді қосымшасы арқылы полицияға азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың жаңа процесі іске қосылды. Бұл жүйе қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер, электрондық пошта және басқа да мессенджерлер арқылы полицияға жіберуге мүмкіндік береді.

– Қала тұрғындарының мәселелерін анықтауға ыңғайлы болу үшін «ZOOM» платформасы арқылы онлайн кездесулер өткізудің жаңа форматы іске қосылды. Бұл қосымша азаматтардың оң бағасын алып үлгергенін айта кеткен жөн. Бүгінгі күні 192 онлайн кездесу өткізіліп, оған 4540 адам қатысты. Оның ішінде 291 проблемалық мәселе қарастырылып, оның 200-і шешімін тапты. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу тәсілі өзгерді. Осыған байланысты психологиялық көмек көрсететін 12 үкіметтік емес ұйыммен меморандум келісімі бекітілді. Тұрмыстық саладағы тәртіп бұзғаны үшін 3 мыңнан астам (3541, 2022 жыл – 2520) отбасылық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 5  мыңнан астам азаматқа (5417, 2022 жыл – 5712) қорғау ұйғарымы шығарылды. Құқық бұзушылардың мінез-құлқына байланысты 710 (2022 – 652) арнайы талап белгіленді, – деді ол. Сонымен қатар, брифинг барысында Жасқайрат Қайыров жүргізілген талдау негізінде сауда үйлеріндегі ұсақ ұрлықтың алдын алу мақсатында қаладағы екі ірі сауда орталығында («Гринвич», «Small») адам келбетін тану бейнебақылау камераларының саны көбейгенін айтты. Сондай-ақ, криминалдық полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтардың фотосуреттерін тұлғаны тану жүйесіне енгізді.

– Жалпы, облыс бойынша қылмыс 1,3 пайызға төмендегені байқалады. Оның ішінде көшеде жасалған қылмыс саны 3,4 пайызға, бұрын сотталғандар қайта жасайтын қылмыстық әрекет 16,3 пайызға, кәмелетке толмағандармен 13,8 пайызға азайды. Бұрын сотталғандардың қайталап қылмыс жасауының алдын алу мақсатында 38 тұлғаға қатысты әкімшілік қадағалау белгіленді, 31 тұлғаға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылды, 108 адамға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы ауыстырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық бірлестіктердің көмекшілерімен 89 қылмыс ашылды және 922 тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Профилактикалық тіркеудің сапасын қамтамасыз ету мақсатында «Цифрлық полиция» қосымшасы тестілік режимде іске қосылды. Бұл қосымша тәртіп сақшыларының планшетіне орнатылған, онда тіркеу контингенті және фотосуреттегі тексеріс нәтижелері туралы есеп беру ақпараты бар. Сондай-ақ, қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ювеналдық полиция қызметкерлері білім беру органдарымен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Барлық оқу орнына учаскелік полиция, ювеналды және криминалдық полиция қызметкерлері бекітілген. Барлық білім беру нысанында полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау жүйесі орнатылған, – деді Ж.Қайыров. Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің өкілі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы түрлі бұзушылықтар үшін 121 мыңнан астам тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтып, 1 млрд 449 млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын мәлімдеді.

– Жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға азайған. Оның ішінде зардап шеккендер 30 пайызға (860-тан 602-ге) және қаза тапқандар 5 пайызға (80-нен 76-ға) азайды. Қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік тәртібін жақсарту мақсатында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы орнатылды, – деді Ж.Қайыров. Сондай-ақ, қазіргі уақытта шетелдік автокөліктерді заңдас-тыруға өтінімдер қабылдануда. Павлодар облысы аумағында 9125 шетелдік автокөлік тіркеуге алынды. Одан басқа 508 автокөлік тексеруден өтіп, тіркеуін күтуде. Ол үшін автокөлік иелері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Бірреттік заңдастыруды ескере отырып, автокөлік иелері 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер ағымдағы жылдың 30 желтоқсанына дейін ғана қаралады.

А.МҰҚЫШЕВ.