Қазақстан Қарулы Күштерінің қатары тағы да толыға түсті. «Шығыс» өңірлік қолбасшы-
лығына қарасты №6679 әскери бөлімінде жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады. Іс-шараға бөлімнің әскери қызметшілері, Қарулы Күштердің ардагерлері мен сарбаздардың
туыстары қатысты.

Әскери ант қабылдау – сарбаз өміріндегі ұмытылмас оқиға. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Қарулы Күштер қатарына енер алдында әскери ант қабылдайды. Өткен аптада №6679 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген 114 сарбаз әскери ант қабылдады. Жас сарбаздар Павлодар қаласындағы қылмыстық-түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқаратын болады. Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, ардагерлер, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сарбаздардың ата-аналары қатысты. Атап өтсек, сарбаз ұлдарының әскери ант қабылдау рәсіміне Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарынан 100-ден астам ата-ана келіп, тарихи сәтке куәгер болды. Сонымен қатар, іс-шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор С.К.Мусин, Қылмыстық атқару жүйесінің №46 мекемесінің бастығының орынбасары, майор С.Шәріпбеков, «Сарбаздар аналары» комите-тінің басшысының көмекшісі Р.А.Епифанова сарбаздарды ант қабылдау рәсімімен құттықтап, алдағы жауынгерлік қызметте сәттілік тілеп, үйлеріне аман-есен оралуларын тіледі.

– Бұл – сіздер үшін өте маңызды да жауапты сәттердің бірі. Біздің ұлы ата-бабаларымыз Отанды, жерді және бостандықты қорғай отырып, халықтың мүддесіне жанқиярлықпен қызмет етті және ғасырлар бойы табандылық пен батырлықтың үлгісі болды. Біз батыл ата-бабаларымыздың жолын жалғастыруға тырысуымыз керек, – деді №6679 әскери бөлімнің командирі, подполковник Аманжол Әйтенов.

Айбынды армия, әлеуеті мықты ел әскерінің асқақ анты шырқалған тарихи іс-шарасына сарбаздардың ата-аналары да көзайым болды. Балаларының ант қабылдаған сәтін тамашалаған ата-аналардың бірі Жанар Тұрсынғожина қуаныш сезімін жасырмады.

– Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге арнайы келдік. Ұлым, мақтанышым,  Отан алдындағы борышыңды абыроймен атқарып, аман-есен үйге орал. Әскери ант қабылдауың құтты болсын! Кеше ғана шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта есейіп қалғандай. Командирлерінің қамқорлығына алғыс айтамын. Отан үшін берген уәдесін орындап, елге абыроймен оралады деп сенемін, – дейді сарбаздың анасы.

Айта кетейік, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарынан келген елуге жуық ата-ана үшін ұлдарының әскердегі өмірімен жақынырақ танысу мүмкіндігі болды. Мерзімді әскери қызмет-шілердің ауқаттану және жатын орындары жайында кеңінен мағлұмат беру мақсатында оларға әскери бөлім аумағында арнайы экскурсия өткізілді. Әскери бөлім командирі, подполковник Аманжол Әйтенов бастаған бірқатар офицер әскери техника, асхана, казармадағы жатын орындарымен таныстырып, әскери киім үлгісі көрмесін ұйымдастырды. Сонымен қатар, арнайы қонақтар сарбаздарды әскерге тез бейімдеуге ықпал ететін психологтармен пікір алмасып, сырқаттанған жағдайда жанынан табылатын медицина қызметкерлерінің жұмысын бақылады. Бөлім командирі ата-аналарға ұлдарының ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды жауынгерлік міндетті атқаратынын, қарауыл қызметінде сақшылық міндеті жүктелетіні жайында толық ақпарат берді.

Қатарға қосылған жас жауынгерлер Отанды абыроймен қорғауды және борышты орын-дауға дайын екенін білдірді. Ұлттық ұлан қатарына қосылған бұл сарбаздар жауынгерлер қызметі басталар алдында жас жауынгер курсынан өтті.

– Бүгін – біз үшін өте қуанышты күн. Әскери бөлім бізге ұнады, барлық жағдай жасалған, келген күннен бастап командирлер білмегенімізді үйретіп, көмек көрсетуде. Отанға деген борышымызды адал атқаруға барымызды саламыз. Отанды қорғау – ұлы міндет. Әскер – тәуелсіздіктің тірегі, – дейді жас сарбаздар.

Бұл күні әрбір сарбаз өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық. Әскери ант қабылдау рәсімінен соң гарнизонның жас жауынгерлері салтанатты шерумен өтті. Енді олардың алдында қасиетті борыштарын абыроймен өтеу міндеті тұр. Ал өз кезегінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 әскери бөлімінде сарбаздардың жаңа мамандықтарды игеруі, спортпен жүйелі түрде айналысу, сапалы қызмет ету үшін барлық жағдайлар жасалған.

А.МҰҚЫШЕВ.