Бүгінгі таңда елімізде әрбір үшінші әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шексе, әрбір алтыншы бала сол отбасындағы ойранның куәгері болады деген сөз. Отбасы ішінде, тұрмыс барысында жасалған озбырлық әрекеттердің екі есе өсуіне байланысты мемлекет тарапынан агрессорларға қарсы күрес күшейтіліп, заңға қатаң шаралар енгізілуде. Алайда, өкінішке қарай тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші төмендемей тұр.

Облыстық полиция департаменті Екібастұз қаласы полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Бақытгүл Сейітқалиеваның айтуынша, аталмыш мәселенің алдын алу – еліміздегі отбасылық-демографиялық саясатының ең өзекті тұсы. Өйткені, тұрмыстық кикілжіңнің өсуі қазіргі қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қатысты.

– Біздің бүгінгі қоғамда белгілі бір отбасы моделі қалыптасқан. Мәселен, ондай отбасыда бастық күйеуі және оны сөзсіз тыңдайтын момын әйелі бар. Ең қорқыныштысы, мұндай шаңырақтарда балалар да зардап шегеді. Мен ерлі-зайыпты азаматтардың ажырасуын жақтаушы адам емеспін. Бірақ отбасылық агрессорлармен қарым-қатынасты үзуге қорқудың еш қажеті жоқ, ол ешнәрсеге әкелмейді. Осыған байланысты бүгінгі таңда бұл мәселені заңнама тұрғысынан қатаң бақылауға алып, алдын алу шараларын тиімді жүзеге асырып және отбасындағы кез келген озбырлық әрекетке көз жұма қарамай, «қоғамдық айыптау атмосферасын» қалыптастырып, әлеуметтік салмағы бар мәселені мемлекет деңгейінде шешу қажеттілігі туындап отыр, – дейді Б.Сейітқалиева.

Қазіргі кезде жас отбасыларда болып жатқан осындай оқиғаларды талдай отырып, Бақыткүл Құсманқызы өзінің көп жылдық тәжірибесінен агрессияның бастауы мен себебі, әдетте, бала кезден басталатынын айтты.

– Мүмкін, ата-аналар бір-біріне және балаға деген сүйіспеншілікті дер кезінде таныта алмаған шығар. Ал ересек адам бала кездегі тәртіптің дәл осы үлгісін бойына сіңіріп, өз өмірінде қолданады. Басқалардан «жоғары» болу үшін, өзінің «менін» көрсету үшін ол шабуыл мен қорлау тактикасын таңдайды. Отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтардан кейін де әйелдер мұндай агрессор жұбайларына қайтып оралып жатады. Бұл ретте, қоғамның көзқарасы да маңызды рөл атқарады. Көбінесе, әйелдер сырттан айтылатын сөзден қорқады. Сонымен қатар, қаржылық тәуелділіктері де бар, – деді ол.

Сондай-ақ, Бақытгүл Сейітқалиева отбасындағы мұндай агрессорлармен учаскелік полиция инспекторлары тұрақты түрде жұмыс істейтінін атап өтті. Олар күн сайын отбасылық жанжалдарға байланысты қорғаныс нұсқамаларын, ерекше талаптарды белгілеп, материалдарды сотқа жібереді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Екібастұз өңірінде тұрмыс саласында келіп түскен өтініштер бойынша 107 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін 155 азамат жазаланды.

А.МҰҚЫШЕВ.