Ел тарихындағы маңызды күн

Шіл 2, 2026

1 шілде — еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы күндердің бірі. Халық  Конституциясының заңды күшіне енуіне орай Павлодар облыстық «Достық үйінде» жаңа редакциядағы Конституцияның арнайы басылымдарын салтанатты табыстау рәсімі өтті.

Басылымдар қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген азаматтарға, студенттерге, кәсіпкерлерге, оқытушылар мен түрлі сала өкілдеріне табысталды.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысының қатысушыларға жолдаған құттықтау хаты оқылды. Онда: «Конституцияда бекітілген мызғымас құндылықтар ел игілігін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашады деп сенемін», – делінген.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар жаңа Конституцияның қабылдануы Мемлекет басшысы бастаған саяси реформалар бағытының жалғасы болғанын тілге тиек етті. Жаңа Ата Заңның ерекшелігі — тек құқықтық нормалар емес, идеологиялық мәні бар «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сынды бастамалардың да қамтылуы.

Облыс әкімі Асайын Байханов салтанатты жиын қатысушыларын еліміз үшін маңызды құжаттың күшіне енуімен құттықтады.

— Бүгін — мемлекетіміздің тарихындағы ерекше күн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Ата Заң қуатты Қазақстанның жаңа жарғысы деп» баса айтты.  Шынымен де, бұл — ел игілігі үшін жасалған маңызды қадам. Біздің басты мақсатымыз — Конституцияның әр сөзін күнделікті өмірдің нақты өлшеміне айналдыру.

Атап өтерлігі, осы жылдың наурыз айында өңір тұрғындарының 94,14 пайызы жаңа Ата Заңды қолдап, дауыс берді. Бұл – жерлестеріміздің берекелі бірлігінің, жоғары азаматтық жауапкершілігі мен Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімінің жарқын көрінісі.

Ендігі ретте еліміздің қоғамдық-саяси дамуының жаңа кезеңі басталып отыр. Алдымызда маңызды өзгерістер мен жаңа саяси үдерістер күтіп тұр. Олар ашық диалогты, өзара сенімді және әрбір азаматтың белсенді қатысуын талап етеді, — деді А.Байханов.

Салтанатты шара барысында қоғамның түрлі саласында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа, белсенді жастарға ерекше тарту жасалды. Аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы оларға жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын, оған қоса облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко мен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуовке жаңа басты құжатпен қатар Мемлекет басшысының хатын табыстады.

Жиынға қатысушылар жаңа Конституцияның елдің болашағы үшін тарихи маңызы зор құжат екенін айтып, өз пікірлерімен бөлісті. Айталық, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Торайғыров университетінің аға оқытушысы Борис Поломарчук жаңа тарихи кезеңге қадам басқанымызды атап өтті.

– Кез келген Конституция мемлекеттің қалай құрылғанына ғана емес, оның қандай болуы керектігіне де жауап береді. Бүгін біз мемлекет пен азамат арасындағы қоғамдық келісімнің негізі саналатын осындай жаңа құжат аясында өмір сүруді бастадық.  Мемлекет басшысы Парламенттің бірлескен отырысында кезекті әкімшілік реформаның басталғаны, жаңа тарихи кезеңнің келгенін және мемлекеттік басқару жүйесін терең жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бүгінде ерекше жауапкершілік өңірлерге жүктеледі. Алдағы уақытта халқымыз, оның ішінде облыс тұрғындары еліміздің анағұрлым ашық, әділетті екенін айқын аңғарса, демек, бүгін қабылданған тарихи шешім өз мақсатына жетті деген сөз, — деп түйіндеді саясаттанушы.

Жастар атынан сөз алған Павлодар қалалық «Жасыл ел» аймақтық штабының командирі Арина Краскова «Таза Қазақстан» идеологиясының конституциялық деңгейде бекітілуінің мәні зор деп есептейтінін білдірді. Оған қоса, ол арнайы басылым иегері атанды.

— Жаңа Конституцияның арнайы басылымын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл еліміздің дамуына бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға қосымша серпін береді. Мен экологиялық еріктілер қозғалысының өкілі ретінде «Таза Қазақстан» идеологиясының Конституциялық деңгейде бекітілуінің мәні зор деп білемін. Бұл — жастардың өз әлеуетін көрсетуіне берілген мүмкіндік. Сонымен қатар, еріктілер мәртебесінің артуы да қоғамдық жұмыстармен айналысатын азаматтарды одан әрі жігерлендірері анық, – деді А.Краскова.

Бұл жиын жастар мен мемлекет арасында өзара сенімнің жаңа Конституциядағы құндылықтар аясында жүзеге асуына жағдай жасады.

 

Сара ӘБДОЛ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.