Кеше, яғни 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция бойынша әр қазақстандықтың тегін білім алуына толық құқығы бар. Бұл – жай ғана әлеуметтік кепілдік емес, мемлекеттің даму бағытын айқындайтын стратегиялық ұстаным. Олай дейтініміз, аталған маңызды құжатқа зер салсақ, елімізде ең алдымен ертеңгі болашақ – бүгінгі жас ұрпақтың тегін біліммен қамтылып қана қоймай, жоғары оқу орындарында да мамандық алуы қолжетімді болып отыр. Сондай-ақ, отандық ғылымды дамытуға да айрықша мән берілуде.
Орта мектепте оқу қолжетімді
Жаңа Конституцияның 33-бабында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және негізгі орта білім мiндеттi. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар», – деп жазылған.
Иә, қазіргі таңда қазақстандық мектептерде оқушылардың орта білімді тегін алуы, жоғары оқу орындарында да грантпен оқуы соның дәлеліндей.
Бір кездері елдің байлығы табиғи ресурстармен өлшенсе, бүгінде мемлекеттің ең басты байлығы – оның білімді азаматы екені заң жүзінде дәлелденді. Бұл ретте, экономиканың тұрақтылығы да, технологиялық серпіліс те, ұлттық қауіпсіздік те, қоғамдық келісім де ең алдымен сапалы білім мен дамыған ғылымға сүйенетіні сөзсіз. Бұған қарап, Ата Заң – қоғам өмірін реттейтін құқықтық құжат қана емес, мемлекеттің құндылықтар жүйесін айқындайтын саяси бағдар екенін түсінген жөн. Сондықтан жаңа Конституцияда білім мен ғылым мәселесіне ерекше орын берілуі кездейсоқ емес, дейді тәжірибелі мамандар. Солардың бірі, Павлодар қаласының тұр-ғыны, ардагер ұстаз Рахима Қайратқызы:
– Қазақ халқы қашанда білімді ең үлкен байлық санаған. «Оқу – инемен құдық қазғандай», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», деген нақылдардың өзі ұлт дүниетанымында білімнің қандай биік орын алғанын көрсетеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», – деп тек мектеп жайын емес, тұтас мемлекеттің болашағын айтқан. Ал қазіргі жаһандану дәуірінде бұл ойдың маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық. Мәселен, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ғарыш саласы, жаңа энергетика – мұның барлығы ғылым мен білімнің жемісі. Сондықтан бүгінде мемлекеттер арасындағы басты бәсеке озық білім мен ғылыми жаңалық үшін жүріп жатқанын байқап отырмыз, – дейді.
Зиялы қауым өкілдері ел Конституциясында балалардың тегін білім алу құқығының кепілдендірілуі – Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі екенін алға тартуда. Яғни, бұл норма әрбір балаға өзінің қабілетін толық ашуға мүмкіндік бермек.
Демек, қазақстандық әр азамат әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне немесе отбасының материалдық мүмкіндігіне қарамастан бәрімен тең дәрежеде сапалы білімге қол жеткізе алады. Бұл – әділетті қоғамның басты өлшемдерінің бірі десек, артық айтқандық болмас. Ендігі мақсат – жаңа Ата заңға бағынып, оның өз деңгейінде орындалуына бүкіл ел болып үлес қосу.
– Конституциялық норманың өміршеңдігі оның нақты жүзеге асуымен бағаланады. Бұл ретте, білім беру саласына жүктелер жауапкершілік мол. Сондықтан білім саласындағы реформалар жүйелі әрі үздіксіз болуы қажет. Әсіресе, ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа айырмашылығын қысқарту, педагог мәртебесін нақты мазмұнмен толықтыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық теңсіздікті жою уақыт күттірмейтін міндеттер болып табылады. Сонымен қатар, мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттыру, шығармашылық еркіндігін қамтамасыз ету, лайықты әлеуметтік жағдай жасау – білім саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін де естен шығармаған жөн. Өйткені, мектептің сапасы ең алдымен ондағы ұстаздың білімімен өлшенеді. Бұл мәселелердің жаңа Ата заңымызда жан-жақты қамтылғаны қуантады, – дейді Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Мұрат Асайынов.
Осылайша, жаңа Конституцияда тегін білім алу басты құқықтардың бірі болып саналады. Заң бойынша біздің мемлекет барлық балаға мектептен бастап колледж, университетке дейін тегін білім алуға толық кепілдік береді.
Ғылымды дамыту – ел қуаты
Жаңа ғана күшіне енген Конституцияда ғылым мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Маңызды құжатта ғылым саласының дамуына ерекше мән берілуі – елдің ұзақ мерзімді өркендеуіне бағытталған батыл қадам екені сөзсіз. Қазіргі таңда әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, ғылыми әлеуетімен, инновациялық жаңалықтарымен және білімді азаматтарымен өлшенеді. Сондықтан ғылымды конституциялық деңгейде қолдау – болашаққа салынған ең құнды инвестиция.
Иә, егемен еліміз үшін бұл тақырыптың мән-маңызы қашанда зор. Қазіргі таңда Қазақстан үшін ғылым мен өндірістің байланысын күшейту, университеттердің зерттеу әлеуетін арттыру, жас ғалымдардың жобаларын қолдау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту – өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанын білеміз. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылымға тұрақты инвестиция салған мемлекеттер ғана экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуде. Бұл ретте, отандық ғылымды қолдауға басымдық беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есеге ұлғайып, 2026 жылы 214 млрд теңгені құраған екен. Сондықтан да болар, жаңа Конституцияда ғылымды дамыту, осы салаға жасанды интеллект енгізу, жастарды жаңашылдыққа тәрбиелеу мәселесі негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл жөнінде Торайғыров университетінің проректоры, профессор Салтанат Әубәкірова:
– Мен жоғары оқу орнының өкілі ретінде жаңа Конституцияда ғылым, білім, инновация саласына ерекше назар аударылғанын атап өткім келеді. Себебі, қазір әлемде креативті жастарға сұраныс жоғары. Біздің қыз-жігіттер түрлі бағдарлама арқылы шетелде білім алып келіп, елге қызмет етуде. Сондықтан маңызды құжаттағы ғылым мәселесі өте өзекті дер едім. Сонымен қатар, ХХІ ғасырдың басты талабы – цифрландыру және жасанды интеллект екені ескеріліп, бұл мәселенің Конституцияда пайда болуы өте орынды деп санаймын. Бірақ қазір жасанды интеллектің көмегімен неше түрлі әрекет жасауға болатындықтан, бұл жағдай адамның абыройына, жеке басына нұқсан келтірсе, жауапкершілік те бар екенін жастар жағы сезінуі тиіс, – деп атап өтті.
Шынымен де, бүгінде бүкіл әлем жасанды интеллект, биотехнология, ғарыштық зерттеулер бағытында қарқынды дамып келеді. Біздің мемлекет те осынау заманауи жетістіктерден қалыс қалмай, алға қарай ұмтылуда. Жаңа Конституцияда ғылымның дамуына басымдық берілуі жоғары технологиялық өндірістердің көбеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ел экономикасының дамуына оң әсер ететіні анық. Осы орайда ғылымды дамыту ең алдымен жас ғалымдарды қолдаудан басталатыны белгілі. Сондықтан жаңа Конституция аясында ғылыми кадрларды даярлау, талантты жастарды зерттеу жұмыстарына тарту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналады деген үміт бар.
Иә, маңызды құжаттағы ғылымға қатысты мәселелердің барлығы елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттыруға зор мүмкіндік бермек.
Осылайша, жаңа Конституциямызда білім мен ғылымға ерекше мән беріліп отыр. Бұл – болашаққа деген үлкен сенім. Ал сол сенімге селкеу түсірмей, ақтай білу – мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың ортақ парызы.
Нұржайна ШОДЫР
