Өткен аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға үш күндік мемлекеттік сапармен барып қайтты. Жоғары дәрежедегі кездесулер нәтижесінде екі елдің экономикалық қарым-қатынасын одан әрі биік деңгейге шығаратын келіссөздерге қол жетті. Қазақстан-Қытай байланысы бұдан әрі зор жетістіктерге жетеді деп күтілуде. Бұл үшін екі ел басшылары барлық тараптан қолдау көрсетуге мүдделі.

 

Құдайы көрші елдер

17 мамыр күні Қытай астанасы – Бейжіңде Қазақстан мен Қытай басшылары келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады. «Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстары-ңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет», – деді ҚХР Төрағасы. Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салала-рындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен өзара сауда-саттықты 40 млрд долларға жеткізуді ұсынды. «Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік», – деді Қ.Тоқаев. Қазақстан Қытайға ауыл шаруа-шылығы өнімдерінің экспортын да кеңейтуге мүдделі. «Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Тек былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын», – деді Президент. Сондай-ақ  Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз барысында Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенін атап өтті. «Елдеріміздің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығы артып келеді. ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді», – деді Қ.Тоқаев. Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ, екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды.  Осы ретте Қазақстан  Қытайдың жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары баға-лайтынын жеткізді. Сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, осы келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. «Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей «Бір белдеу – бір жол» бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында «Бір белдеу – бір жол» жобасын бірлесе жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ. Көлік дәліздерін әртарап-тандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келешегі сенімді келісімдер

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында 23 құжатқа қол қойылды. Олардың арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) мен Сиань Солтүстік-Батыс поли-техникалық университеті (ССБПУ) арасында ҚазҰУ жанынан ССБПУ филиалын ашу туралы келісім бар. Бұдан бөлек, Әл-Фараби атын-дағы Қазақ ұлттық университеті Қытай мұнай университетімен ынтымақтастық орнату туралы келісім жасасты. Сондай-ақ, қазақстандық тағы бір ЖОО – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылықтары университетімен ынтымақтастық жөнінде келісті. Екі елдің басшылары қол қойған құжаттардың арасында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» бар. Еске салайық, Қазақстан азаматтарының Қытай аумағында, Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз жүруіне мүмкіндік беретін құжат қарастырылған болатын. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытаймен арадағы визасыз режимге қатысты пікірін де білдірген еді. «Визасыз режимге қатысты халыққа дұрыс түсіндіру керек. Қазіргі кезде Қазақстан 50-ге жуық мемлекеттің азаматтарына шектеулі уақытқа визасыз келуге мүмкіндік берген. Олардың арасында АҚШ, Еуропа мен Азияның елдері қамтылған. Бұл шешім елімізге туристерді тарту және бизнес аясында келіп жатқан адамдарға тиісті мүмкіндік жасау бағытында ескерілді. Атап айтқанда, аталған режим шектеулі уақытқа арналған, сондай-ақ оның аясында жұмыс істеуге және Қазақстанда тұрақты қалуға болмайды», – деді М.Әшімбаев. Осы орайда ол мұндай режим кейінгі жылдары Қытайға да қатысты қабылданғанын еске салды. «Кейінгі жылдары Қытай азаматтарының Қазақстанға 14 күнге визасыз кіруге мүмкіндігі бар. Бұл шешім пандемияға дейін қабылданған еді. Яғни, бірнеше жылдан бері Еуропа мен Қытай және басқа елдердің азаматтарына осындай мүмкіндік жасалды. Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Қытайға визасыз баруы туралы мәселені көтеріп жатыр. Осы орайда тиісті келіссөз жүріп жатыр. Бұл тұрғыда біздің азаматтарға тиісті жағдай жасауға арналған», – деді Сенат төрағасы. Сонымен қатар М.Әшімбаев Қазақстанға визасыз тәртіппен келген шетел азаматтарына жұмысқа орналасуға, елімізде қалуға рұқсат етілмейтінін айтты. Бұл тәртіп бұзылса, олар жауапқа тартылады. Осы ретте туризм, кәсіпкерлік бағытында және туыстарына келуге ғана рұқсат беріледі. Сондай-ақ, келіссөздер аясында Қазақстан өңірлері мен Қытай қалалары бауырластық туралы келісім жасасты. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім жасасты. Ал Шымкент қаласы мен Сиань қаласы бауырластық байланыс орнату жөнінде уағдаласты. Бауырластық байланыстар/қатынастар орнату туралы келісімге, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы мен Шэньси провинциясы да қол қойды.

Алпауыттарды әріптестікке шақырды

Сапардың екінші күнінде Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Бұл шын мәнінде іскерлік қатынастар бағытындағы өнімді күн болды десек артық айтқандық емес. Президент өз сөзінде дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты», – деді Мемлекет басшысы. «Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамуда. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Cherry, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Қытайдың интернет сауда алпауыттарына тауарын Қазақстан қоймаларында сақтауды ұсынды, «Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық. Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда серіктестері-мізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем эконо-микасының маңызды бағытына айналған. Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Бұл үдеріс жыл сайын артып келеді. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. «Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Электронды коммерция саласындағы әріптестікті одан әрі дамытамыз. Сонда екіжақты сауда айналымын жақын арада 40 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік туады. «Цифрлы Жібек жолы» бастамасы осы мін-детті орындауға жол ашады», – деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, JD com (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. Президент сөзінің соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді. Қазақстан басшысының ҚХР-ға сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Бұл туралы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі барысында белгілі болды.

Сианьда логистика орталығымыз болады

Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақ-станның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды құрылыстың басталуымен құттықтап, аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. «Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвес-тиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логис-тика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Инвесторлармен кездесу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай мен газ өндіру, өңдеу және тасымалдау, мұнай химиясы, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, металлургия, телекоммуникация, қаржы-банк қызметі және инвес-тиция салалары бойынша жұмыс істейтін Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен кездесу өткізді. China National Petroleum Corporation компаниясының басқарма төрағасын Дай Хоулянмен кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық және мұнай мен газды тасымалдау, қайта өңдеу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндіктерін күшейту және басқа да мәселелер қарастырылып жатыр. State Power Investment Corporation компаниясының басқарма төрағасы Цянь Чжиминьмен жүздесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қытайлық компанияның KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда мыс балқыту зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспары туралы мәлімет берілді. Мемлекет басшысы осындай ірі жобаларды іске асыру – елдеріміз арасындағы табысты серіктестіктің нәтижесі екенін атап өтті. Қазақстанда Азия инфррақұ-рылымдық инвестициялар банкінің Қазақстандағы қызметі дамиды. Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньмен әңгімелесу барысында Азия инфрақұрылымдық инвес-тициялар банкінің Қазақстандағы қызметін дамытуға қатысты алдағы жоспары талқыланды. Ал әлемге танымал Huawei компаниясы Қазақстанның теміржол желісін цифрландыруға көмек-
теседі. Бұл туралы Huawei Technologies компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуаны қабылдау барысында мәлім болды. Кездесуде Президентке телекоммуникация саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірінің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қатысты алдағы жоспары таныстырылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Huawei» мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржол желісін цифрландыру және жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспары туралы мәлімет берілді. Лян Хуа «Huawei» компаниясы кеңжолақты қолжетімді интернетті дамытуға және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптасуына қатысты зерттеулерді қаржыландырғанын айтты. Мемлекет басшысы «Huawei» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының базасында IT-технология саласы бойынша білікті қазақстандық мамандарды даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруды құптады.

Орталық Азия – Қытай: әлеуеттер ұштасса…

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитіне де қатысты. Мемлекет басшысын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қарсы алды. Сөз берілгенде, Қазақстан басшысы Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытай қуатымен ұштастыру, бейбітшілік жағдайды қамтамасыз етудің шарттары туралы, Қазақстанның қосатын үлесі жайлы әңгіме өрбітті. «Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені, Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр. Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар, кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көпқырлы серіктeстігі-мізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жеткен. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Қазақстан Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. «Аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қытайдың бұл міндетті орындауға зор үлес қосып отырғанын Қазақстан жоғары бағалайды. Қытай Халық Респуб-ликасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айнал-дыруға қарсымыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Президент аймақ елдерін «Қорғас» халықаралық сауда хабының мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалануға шақырды. «Қазақстан Қытайға өз экспортын 135 шикізат емес тауар жайғасымы бойынша өсіре алады. Орталық Азия елдерінің бәрін, әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ көршілерімізді осынау маңызды сауда-логистикалық хабтың әлеуе-
тін бірлесіп пайдалануға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы. Трансшекаралық су ресурстарын пайдалану ынтымақтастықтың басым бағыты болып қала бермек. Суды үнемдеу және суару бағытындағы тиімді цифрлық шешімдерді дәйекті түрде енгізу маңызды екені айтылды. Қытаймен бірлесіп су шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу бағдарламасын әзірлеу ұсынылып отыр. Жасыл экономика жайы да назардан тыс қалмады. Президент Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізіп, жаңартылатын энергия көздерінің энергетикадағы үлесін 2030 жылға қарай 15% дейін арттыруды мақсат етіп қойғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық әріптестерін осы бағыт-тағы инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды. Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысушы мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша Сиань декларациясына қол қойды. Оған сәйкес, келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

Бас консулдық  ашылды

Қытай жеріне мемлекеттік сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы Бас консулдықты салтанатты түрде ашты. Мемлекет басшысы Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткені үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді. Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бас консулдықтың ашылу салтанатына Мемлекеттік кеңес мүшесі, ҚХР сыртқы істер министрі Цинь Ган қатысып, Қытай үкіметінің атынан құттықтауын жеткізді. Қытайлық дипломаттың айтуынша, Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Қазақстан – Қытайдың Шэньси провинциясында өзінің дипломатиялық өкіл-
дігін ашып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел.

Осылайша үшкүндік мемлекеттік сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары деңгейдегі әртарапты кездесулері қос елдің экономикасына, өзара қарым-қатына-сына жаңаша жол ашады. Бұл Қазақстанның жаңаша дамуында елеулі саты болады.

Әзірлеген – Н.Қанатбекұлы.