Алтын жүректі дәрігер

Мам 2, 2025

Саналы ғұмырын адам өмірін арашалауға  арнаған жоғары санатты дәрігер-кардиолог, ҚР Еңбек сіңірген дәрігері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Роза Сұлтанова тірі болса,  95 жасқа толар еді.

Роза Әбдірахманқызы 1930 жылы 28 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Әкесі Әбдірахман Тәшімбайұлы мемлекеттік қызметкер, ал әкесінің ағасы Ғалым Тәшім-байұлы білікті дәрігер болған. Ағасы Ұлы Отан соғысы кезінде әскери госпитальде жұмыс істеп, соғыс аяқталғаннан кейін Павлодар облысының бас терапеві болған.

Роза Әбдірахманқызы мектепті үздік бағамен аяқтап, Алматы медициналық институтына оқуға түсті. Осы қалада қызмет жолын бастап, ағасы мен әкесінің ісін жалғастыруды мақсат етті. Өмір жолында білім мен тәжірибе жинап қана қоймай, кардиология саласында мықты дәрігердің бірі болды. Сонымен қатар, жолдасына адал жар, балаларына ардақты ана бола білді. Елдің құқықтық жүйесінде үлкен із қалдырған жұбайы Қыдыргелді Мейрамов екеуі  төрт қызды тәрбиеледі. Олардың үшеуі ана жолын қуып, дәрігер атанды.

Роза Әбдірахманқызы өмірден озса да,  артында көп із қалдырды. Оның көмегін алған емделушілер, шәкірттері мен әріп-тестері үнемі еске алып отырады. Роза Әбдірахманқызы кардиологиялық бөлімді басқарып, кәсіби ортаны қалыптастырды. Таныстарының санасында адамгершілігімен сақталған білікті кардиологтың есімі ешқашан ұмытылмайтыны сөзсіз.

Ш.СӘРСЕНОВА,

С.Торайғыров атындағы ғылыми кітапхананың қызметкері.