Павлодарда дамуында туабітті ақауы бар сәбилердің өмірін сақтап қалу мүмкін-дігі артқан. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиха-тында облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Рамазанов емдеу мекемесінде физикалық ауытқулары бар балаларға медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалғанын айтты.

– Бала өмірінің алғашқы сағаттарында түзетуді қажет ететін ақаулар болады. Балаларда асқазан-ішек жолдары, зәр шығару жүйесі, дененің беткі ақаулары жиі кездеседі. Осыдан 20 жыл бұрын мұндай балалардың 96 пайызы шетінеп кететін болса, қазіргі көрсеткіш 10 пайыздан аспайды, – деді Е.Рамазанов.

Оның айтуынша, облысымыз сәбилер өмірін сақтап қалуда жетекші орындардың бірін иеленеді. Себебі балалар ауруханасының мамандары туа біткен ақаулары бар балаларға көмек көрсету үшін жергілікті реаниматолог, неонатолог дәрігерлер мен балалар хирургтары шетелде оқып, біліктіліктерін арттырып отырады.

Жақында облыстық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері туғанына 20 күн ғана болған қыз балаға ота жасаған. Диагнозы – асқазан-ішек жолдарының туа біткен күрделі ақауы. Алдағы уақытта сәбиге тағы екі ота жасалмақ. Қазір баланың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Облыста балалар жарақатының саны едәуір артқан. Әсіресе, жол-көлік оқиғаларында, түрлі күйіктер, биіктен құлау, суға бату секілді оқыс жағдайлар жиілеген. Дәрігердің айтуынша, бұған жол бермеу үшін ата-аналар балаларын назардан тыс қалдырмауы тиіс.

Т.ӘБІЛДА.