Жыл сайын өңіріміздің ғана емес, республика-мыздың әр түкпірінен тоғызқұмалақшылар Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесіне арналған тоғызқұмалақтан өтетін дәстүрлі турнирдің басталуын күтеді.

Биыл газет жүлдесіне арналған республикалық жарыс қараша айының 16-17 күндері жалауын көтереді! Осымен 15-інші мәрте өткізілетін республикалық тоғызқұмалақ турнирі ұлдар мен қыздар арасында жас ерекшеліктеріне сәйкес 5 топ бойынша өтеді. Спортшылар 9 жасқа дейінгі, 11 жасқа дейінгі, 13 жасқа дейінгі, 15 жасқа дейінгі, 16 жас және одан жоғары (ересектер) санатта қатысады. Жыл сайын 400-ден астам қатысушы аталмыш додада бақ сынайды. Бұл – жеткіншектердің аталмыш спорт түрінен шеберлігін жетілдіруге, олардың бабын байқауға, әр аймақтан келетін бәсекелестермен күш сынасуға таптырмайтын алаң. Сол себепті, жыл сайын бұл турнирді асыға күтетіндер көп. Облыстық тоғызқұмалақ федерациясы президенті Арыстан Қапаевтың айтуынша, қазірде тоғызқұмалақтан өтетін газеттің жүлдесіне арналған турнирге қатысуға бірқатар өңірлерден өтініштер келіп түсуде. Сайысқа қатысуға тіркелу ережеге сәйкес жарыс басталғанға дейін қабылданады. Төрешілер алқасы да белгіленген мерзімде жасақталады. Айтқандай, жыл сайын дәстүрлі чемпионатқа 400-ден астам спортшы қатысып, бақ сынасады. Биылғы жылы да доданың қызу өтетініне сенім мол. Ұлттық спорт шарасы Павлодар қаласындағы «Шахмат үйінің» ғимаратында өтеді. Бағы мен бабы келіскен жастар екі күн бойы қызу тартысқа түсіп, бәйгенің жеңімпазына арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етіледі. Олай болса, облыстық газеттің жүлдесіне арналған турнирде кездескенше!

Өз тілшіміз.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.