«Талант тас жарады…»

Жел 5, 2024
Photo Valeriy BUGAYEV

Жақында облыс әкімі Асайын Байханов жас спортшы Хадия Қонаеваны және оның әкесі Самат Қонаевты қабылдап, Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты мен сыйлық табыстап, жеңісімен құттықтады.

— Айналайын, Хадия, көк туымызды биікке көтергеніңе бәріміз қуандық. Әлі де биік белестерді бағындыра бер. Еліміздің көк туын желбіретіп, абыройын көтеретін осындай азаматшаларымыз көп болсын. Кішкентай болса да басқа өскелең ұрпаққа, бүкіл елге үлгі болып отыр, — деді Асайын Қуандықұлы.

Расында бұл жеңіс — бұрынғы жеңістерден өзгеше деуге болады. Яғни, бүгінгі жас ұрпақтың бойында қалыптасып жатқан отаншылдығы мен рухын және техникалық дайындығын әлем алдында көрсете білді. Жас спортшыны өзінің әкесі, «Sam Team» клубының негізін қалаушы Самат Қонаев жаттықтырады.

Айтуларынша, Самат Қонаевтың спортпен шұғылдануына омыртқа ауруы себеп болған. Осы спортпен жүйелі айналысып, табанды түрде жаттығудың арқасында денсаулығын қалпына келтіріпті. Отбасындағы балалардың барлығы бүгінде спортпен шұғылданып, өзге қатарластарына үлгі болып келеді. Яғни, жеті баласының алтауы жекпе-жекпен айналысады екен. Бұл — тәртіптің және отбасылық құндылықтардың ең жоғарғы көрінісі.

Аймақ басшысы «Хадияның алтын медалі — бұл сіздің отбасыңыздың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы» деп, осындай талантты да жігерлі ұрпақ өсіріп жатқан азаматқа шынайы алғысын білдірді.

 

Тілеуберді САХАБА.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.