Тоғызқұмалақтың тарланы

Там 13, 2026

Өңірімізде аймақ абыройын, ел намысын әлемдік додаларда лайықты қорғап, жоғары жетістіктерге жетіп, олжалы оралып жүрген спортшылар баршылық. Олардың қатарынан тоғызқұмалақшы Жанат Қаймолдинді ерекше атап өтуге болады. Азия мен Әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген спортшы бар білгенімен жастармен бөлісіп, өзі де, шәкірттері де халықаралық жарыстарда алдына жан салмай келеді.

 

Жанат Сембайұлының ұлттық спортты серік еткеніне 30 жылдан астам уақыт өтті. Ақсулық өрен сонау 1995 жылы зияткерлік ойынның қыр-сырымен танысты. Сол жылы жағалау маңында ағасы екеуінің дойбы ойнап отырғанын көрген Арам Петросян балалардың қабілетін байқап, үйірмеге шақырады.

— Арам Саркисұлы кезінде трактор зауытында жұмыс істеп, кейін денсаулық жағдайына байланысты Ақсу қаласына қоныс аударған екен. Армян ұлтының  төл спортын ойнап, өзгелерді де соған баулып жүрді. Кейін сыныптастарым Мақсұт Жанат, Мейрам Батыршаевпен бірге шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелері өтетін мекемеге барып, Арам Петросянның жетекшілігімен ұлттық спортқа қызығушылығым оянды. Сол уақыттан бері тоғызқұмалақ тақтасын тастаған емеспін, — дейді спортшы.

Тоғызқұмалақ үйірмесіндегі алғашқы қадамдары оны жоғары жетістіктерге жетеледі. 3-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ Ақсу қаласының құрамасы қатарында облыстық жарыста екінші орын еншіледі. 2004 жылы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен облыстық чемпионатта үшінші орын алып, іріктеу кезеңінен өтіп, Қазақстан Республикасы чемпионатына жолдаманы қоржынына салды. Сол жылы бапкерлер сенімін ақтап, чемпионатта үздік атанды. Келесі жылы да қатарластары арасында оған тең келері болмай, чемпиондық атағын абыроймен қорғап қалды. Ал араға екі жыл салып 18 жасқа дейінгі жастар арасында ел чемпионы болды. 2006 жылы ересектер арасындағы сайыста үздік үштікті қорытындылап, бұл нәтижесі Чехиядағы халықара-
лық жарысқа қатысуға мүмкіндік берді. Әлемнің мықты спортшылары жиналған сайыста ел намысын қорғаған Жанат Қаймолдин бірінші орынмен оралды.
2013 жылы тоғызқұмалақтың қиын деп саналатын классикалық түрінен ересектер арасында қарсылас шақ келтірмей, кезекті рет Қазақстан чемпионы атанды.
2014 жылы да елімізде жерлесімізге тең келер спортшы болмады. Осылайша, ел ішіндегі жеңістері әлемдік деңгейдегі биік белестерді бағындыруға да әсер етті. Азия, Әлем чемпионаттарында жүлде сала бастады. Айталық, 2015 жылы Қырғызстанда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетсе, келесі жылы Моңғолиядағы чемпионатта күміс жүлде иеленді.
2023, 2025 жылдары да Азия чемпионы атанды. Оған қоса, 2013, 2023 жылдары ұлттық спортшылар арасындағы мәртебелі сый – «Алтын тұғыр» жүлдесін еншіледі. Қысқасы, Жанат Сембайұлының ел ішіндегі, Азия мен Әлем чемпионаттарындағы жеңіс-
тері – бір төбе. Бүгінде тоғызқұмалақ бойынша сайыстарға өзі ғана қатысып қоймай, бапкерлікпен айналысып, спортшылардың мықты буынын да тәрбиелеп жүр. Олардың қатарында әлем чемпионатының жүлдегерлері – Аружан Әбдіханова, Анастасия Фоом, Ерасыл Әутәліпов, әлем чемпионы Ринат Керейбаев, жасөспірімдер арасында әлемнің екі дүркін чемпионы Тамерлан Сапар, Азия чемпиондары — Алмас Серіков, Нұрсұлтан Сүлейменов, әлемдік додалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері – Айсұлтан, Арнат Қайриденовтар, Аңсар Серік бар. Тізе берсек, білікті бапкерден тәлім алып, ұстаз жолын сәтті жалғастыра білген шәкірттері жетерлік.

Осы орайда Жанат Сембайұлы тоғызқұмалақ ойынының ерекшелі-гіне де тоқталды. Айтуынша, бұл зияткерлік сайыстың адамның ой-қабілетінің қалыптасуына берері көп.

— Тоғызқұмалақ — ұлттық дәстүр мен терең математикалық-логикалық ойлауды біріктіретін стратегиялық ойын. Бұл ретте жүрістерді алдын ала жоспарлап, қарсыластың әрекетін болжай білу маңызды. Сол арқылы ойыншының ойлау қабілеті дамып, есептеу, есте сақтау сынды қасиеттері жетіле түседі. Сондықтан балаларды жастайынан осы спорт түріне берген жақсы. Тоғызқұмалақшылардың бойында сабырлылық, салмақтылық сынды қасиеттер де қалыптасады, — дейді бапкер.

Жанат Қаймолдин елімізде төл спортты дамытуға жан-жақты қолдау барын ерекше атап өтті. Мәселен, тоғызқұмалақ ұлттық спорт ретінде басым бағыттар қатарына енді. Қазақстан, Азия, әлем чемпионаттарында жүлде алған ойыншыларға мемлекет тарапынан тұрақты түрде төленетін қомақты стипендия қарастырылған. Мұның барлығы спортты ілгерілетуге, жеткіншектердің қызығушылығын арттыруға оң ықпал етері сөзсіз.

Сонымен қатар, Көшпенділер ойыны төл ойынымызды төрткіл дүниеде таныта түсті. Осы орайда атап өтерлігі, Көшпенділер ойыны алғаш рет 2012 жылы Қырғызстанда ұйымдастырылған тұста Жанат Қаймолдин байрақты бәсекеге қатысып, ел құрамасының сапында екінші орын алды. Осылайша, алғашқылардың бірі болып ел қоржынына жүлде салған еді. Ал биыл бапкер жолын шәкірттері жалғастырмақ. Қырғызстанның Ыстықкөлінде өтетін Көшпенділер ойынына Ерасыл Әутәліпов тоғызқұмалақтан, Ернұр Мерешев пен Ардақ Қанапашев біздің төл ойынға ұқсас овари бойынша бақ сынайды. Бұл жолы да жерлестеріміз жеңісті жолды жалғайды деген сенім мол.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.