Ауыртпалығы әлі есінде…

Мам 7, 2026

«Кешегі өткен соғыстың зұлымдығы, ауыртпалығы әлі есімде…» дейді бүгінде 98 жасқа толған Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Мақастан Сыздыққызы.

Анамыздың жасы ғасырға жақындаса да есте сақтау қабілетінің мықтылығына таңданасың. Тыл ардагері кешегі сұрапыл соғыстың ащы-тұщысын, ауырпалығын басынан өткерсе де, адамшылығын, бауырмалдығын, қарапаймдылығын сақтап қалған. Қазақ «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деп бекер айтпаған ғой. Мақастан Сыздыққызы 1928 жылы 17 наурызда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданының Қарағай ауылында қарапайым отбасында туған. Соғыс басталғанда әкесі Сыздық майданға аттанады. Бұл кезде Мақастан небары 13 жаста еді. Анасы Алтыншашпен бірге  колхоздың шаруашылығына ерте араласады. Күн-түнге қарамастан қандай жұмыс болсын атқара берген. Көктемде егін егіп, күзде оны оруға, малды бағуға анасымен бірге жауапкершілікпен қатысқан. Жеңіс үшін, Отан үшін тылда жанын салып еңбек еткен. Соғыстың салқынын сезген жас бала Мақастанды сұрапыл жылдар ерте есейтті. Соғыс майданында алғы шепте әкесінің батырлықпен қаза табуы жас баланың жүрегіне ауыр тиді. «Жақсыдан — шарапат, жаманнан — кесапат» дегендей, Мақастан анасымен бірге ауылдарды аралап, майдандағы сарбаздарға жылы қолғап, шұлық жинастырады. Жетімдердің қамын ойлап, әкесіз,  анасыз қалған ұл-қыздарды  шаңырағына алып, қамқорлық танытқан.

– Ұйқыны да, аштықты да жеңе білдік. Басымыз — жастыққа, жамбасымыз төсекке тимесе де, жаздың аптап ыстығын, қыстың қақаған аязын көрсек те, білектің күшімен, қайсарлықтың арқасында қиындықтан шыға білдік. Бүгінгі ұрпақ енді мұндай соғыс, аштық көрмесін, – дейді Мақастан апамыз.

Бүгін Мақастан әжеміз – ақжарқын, құрметке бөленген адал жан. Ұл-қыздары, немерелері, шөберелері бар. Жұбайы Нұрдәулет өмірден ерте өтіп кетті. Ұл-қызы, жары шаңырақ иесінің адамшылдығын, мейірімін еш ұмытқан жоқ, ылғи естеріне алып, айтып отырады. Ұрпағының енді ауыртпалық көрмей, бейбіт, жарқын өмір сүргенін әр тілегіне қосуды әже әдетке айналдырған.

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ.