Биыл Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, филология ғылымдарының докторы, академик Әлкей Марғұланның туғанына – 120 жыл. Әлкей Хақанұлы – тарихшы-археолог қана емес, этнография, шығыстану, әдебиеттану, өнертану, фольклортану салаларын толық зерттеп, ұлт үшін ұшан-теңіз бай мұра қалдырған қайраткер.

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1920 жылы Павлодардағы мұғалімдер курсын бітіріп, Баянауыл ауданының Далба мектебінде сабақ береді. Ал 1921 жылы Семейдің педагогика техникумына түсіп, 1925 жылы оны үздік бітірген. Сол уақыттарда «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газеттерінде қызмет атқарды. 1929 жылы Ленинградтағы Шығыс институтының филология факуль-тетін бітірді. 1930-1931 жылдары Казнаркомпростың терминология комиссиясының хатшысы, 1931-1934 жылдары Ленинград мемлекеттік материалдық мәдениет тарих академиясының аспиранты болды. 1936-1938 жылдары КСРО ҒА материалдық мәдениет тарихы институтының ғылыми қызметкері, 1939-1946 жылдары КСРО ҒА Қазақстандағы филиалында тарих институтының сектор меңгерушісі, 1946-1985 жылдары Қазақстан ҒА тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарды. 1950 жылдың ортасынан бастап Шоқан Уәлиханов туралы ақпарат пен материалдар жинауға кірісті. 1946-1974 жылдар аралығында атақты Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясын ұйымдастырды. 300-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік жарияланымның авторы. Әлкей Марғұланның басшылығымен 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертация қорғалды. ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

Әлкей Марғұлан

 

…Даланы шарлаған, тау барған,

Қырлардың қыртысын аударған.

Қираған құмыраға жұққан  шаңдардан

Өлген қалалар сырын аңғарған

Археолог — Әлкей Марғұлан.

 

Қос күмбез, төрт құлақ  тамдардан,

Сусыз бос қалған аңғардан,

Құлағы тас болған шалдардан

Шым-шымдап шындықты зорға алған

Тарихшы — Әлкей Марғұлан.

 

Таңбалы жартастың жарынан

Қынаның бояуы қарыған,

Орхон жазуын таныған

Асқан зеректік дарыған

Филолог — Әлкей Марғұлан.

 

Салтанат, салқар көш сабылған,

Салт-сана, сәукеле салынған,

Сан ғасыр күй тартқан, салып ән

Хабардар қазақтың заңынан

Этнограф — Әлкей Марғұлан.

 

Жолынан жұмбақ, тылсым  табылған

Ашпа, шешпе, — деп олар  жалынған,

Белгісіз мекендер  ат, айдар тағынған,

Радлов, Потанин таныған

Географ — Әлкей Марғұлан!

 

Жаңаға жақын жоқ әм бұдан,

Сөз айтса, жұртты естен тандырған.

Кеңес-сұхбаттың бағын  жандырған –

Шежіре-шешен Марғұлан.

 

Дауысын тарих шаңы қарыған,

Сонау әлем шарлаған шағынан,

Жылдардың жүйткіп жалынан,

Жетпіске киіктей қарғыған

Марқасқа маңғаз — Марғұлан.

 

Маңдайдың көлеңке жүрмес    маңынан,

Оқымыс екенін ел айтпай  таныған,

Қазақтың қалың қауымынан

Құттықтау сәлемін қабыл ал,

Академик — Әлкей Марғұлан!

 

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ.