12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні және Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сондай-ақ, еліміздің белгілі тұлғаларының қатысуымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

Шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ғылыми және академиялық қауым, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, заңғар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Ғылым қызметкерлері күні әлемге әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлының туған күніне орайластырылғаны баршамызға мәлім. Қаныш Имантайұлы қатар ғылыми зерттеулер мен техникалық шешімдерге қойылатын талаптардың жоғары деңгейін айқындап берді. Нәтижесінде еліміз геология саласында және ел экономикасының тау-кен металлургия секторында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді, – деді өз сөзінде Саясат Нұрбек.

«Әр халықта мемлекеттің даму-ына орасан зор үлес қосқан өз тарихи тұлғалары бар. Олардың ішінде қоғамға танылу иерархиясында айрықша орын алған көшбасшылар ерекше дараланып тұратыны сөзсіз. Ғалым, академик, патриот және қазіргі заманғы қазақстандық ғылымның негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев отандастар үшін осындай бірегей тұлға болып табылады», — деді Ақылбек Күрішбаев.

Іс-шара аясында көрнекті тұлғаның ескерткіші жанынан ғұлама Мәшһүр Жүсіптің 1921 жылы Баянауылда жас Қанышқа берген батасы жазылған белгітасы ашылды. Сонымен қатар Қ.Сәтбаев көшесіндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына Қ.Имантайұлына арналған барельеф қойылды. Оның авторы – аталған жоғары оқу орнының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Талғат Анарбеков. Барельефтің өлшемі 60*80 см.

– Мен бір аптадай Қаныш Имантайұлының тақтайшаға сай келетін портретін іздеп, осы нұсқасына тоқталдым. Рельеф мүсіндік пластилиннен жасалған. Жалпы, мүсіндеу жұмысын жасап шығу үшін 1 айдай уақыт еңбек еттім, – деді автор Талғат Анарбеков.

Сондай-ақ, мұнда Қаныш Сәтбаевты еске алу мақсатында оның жеке қолданған заттарының, экслюзивті портреттердің, ғылыми еңбектердің көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда келген қонақтар, оқытушылар, студенттер ғалымның туған жері Павлодар облысы, Баянауыл ауданынан арнайы әкелінген жәдігерлермен танысты.

Іс-шаралар кешені Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ-ситетінде «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция-сымен жалғасты.

Конференцияға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Парламент депутаттары, Халықаралық Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Конференция барысында Президент кеңесшісі Күнсұлу Закария қатысушыларға Мемлекет басшы-сының құттықтау хатын оқыды. Онда: «Баршаңызды ұлт мақтанышы, ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Қаныш Имантайұлы Қазақстанды өркендетуге аса зор еңбек сіңірді. Ол көптеген кен орнын ашып, өнеркәсіп саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлттық ғылым академиясының негізін қалап, ғалымдардың тұтас буынын қалыптастырды. Төл тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеп, руханиятымыздың өрісін кеңейтті. Қаныш Сәтбаев – Қазақстан тарихында орны бар тұғырлы тұлға. Әйгілі ғалымның туған күні еліміздің мерекелік даталар тізіміне, ғылым қызметкерлерінің күні ретінде белгіленуі – соның айқын дәлелі. Қазақтың біртуар перзенті «халқым менен де биік» деген ұстаныммен өмір сүрді. Оның ғибратты ғұмыры, туған елге деген шексіз сүйіспеншілігі, ұлт мүддесіне адалдығы жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау – ұрпақ парызы. Бүгінгі басқосуда ғылымның әлеуетін арттыруға қатысты салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін», делінген.

Сондай-ақ, конференцияға Парламент Сенатының төра-ғасы М.Әшімбаев та құттықтауын жолдады. Ғалымның туған жерінен бір қауым елді бастап келген Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізді. Бұдан кейін мінбеге көтерілген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жиналған қауымды орайласып келген үш мерекемен құттықтап, сол күні Президенттің қатысуымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықтың алдына бірнеше нақты тапсырма бергенін баяндады.

«Қазір еліміз су тасқынынан қатты зардап шегіп отыр. Сондықтан осындай табиғат апаттарына қарсы ғылыми нақты қолданбалы ұсыныстар болуы қажет. Әсіресе сейсмология, гидрология саласында алдын ала ескерту, ақпараттандыру жүйелерін іске қосу керек. Екінші – ғылымның қолданбалы форматқа көшуі мен оны коммерцияландыру. Бүгінгі кеңесте ғалымдар өздерінің озық жобаларын таныстырды. Қазір үш бағытқа көңіл бөліп отырмыз. Біріншісі – ғылымның басым бағыттары мен жаңа меха-низмін айқындау. Бұл тарапта Қытайдың тәжірибесін зерделедік. Олар гранттарды нақты ғылыми жобаларға береді. Біз де осы бағытты сараладық. Енді ғылымның қаржы-ландыру моделі өзгереді. Екінші – біздің министрлік еліміздегі ірі кәсіпорындармен бірлесіп, жұмыс істеуді қолға алды. Мақсат – өндіріс пен ғылымды ұштастыру. Үшінші – кадр мәселесі. PhD берілетін гранттар санын 5 мыңға дейін жеткіземіз. Ұлттық университеттер мен «зерттеу университеттері» мәртебесін алған оқу орындарының негізгі міндеті – сапалы маман даярлау. Қазір біз халықаралық серіктестіктердің арқасында өңірлік университеттердің зерттеу әлеуетін көтеруге бет бұрдық. Кейінгі екі жыл ішінде елімізде бірнеше шетелдік оқу орнының филиалы ашылды. Қазір «Болашақ» бағдарламасының да форматын өзгертіп жатырмыз», деді министр.

С.Нұрбектің айтуынша, қазір шетелге кеткен отандық ғалымдардың бірқатары елге оралған. Мәселен, 2022 жылы елімізде 22 430 ғылыми зерттеу қызметкері болса, былтыр оның саны 25 540-ға жеткен. Яғни ғылым саласы бір жыл ішінде 2000 ғалыммен толыққан. Сонымен қатар ғылыми зерттеу институттарын қаржыландыру да арта түскен.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын, ғалымның ғылыми мұрасы 800-ге жуық мақаланы қамтитынын, оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан астам ғылыми еңбектер жинағы жарық көргендігін атап өтті.

Ұлттық ғылым академия-сының президенті Ақылбек Күрішбаев «Қ.Сәтбаев – отандық ғылымның негізін қалаушы» тақырыбында баяндама жасады. Ол алдымен тұғырлы тұлғаның мерейтойына орай АҚШ, Қытай, Ресей, Беларусь, Қырғыз және тағы басқа елдердің ғылым академиясы жолдаған құттықтауларды оқып берді.

«Әр халықта мемле-кеттің дамуына орасан үлес қосқан тарихи тұлғалар болады. Ғалым, академик, ел ғылымының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаев – отандастары үшін осындай биік тұлға. Әрқашан бірінші болу – академик Сәтбаевтың табиғатына тән құбылыс. Қаныш Имантайұлы – қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог, алғашқы ғылым докторы, КСРО Ғылым академиясының қазақтан шыққан бірінші академигі, республикадағы ғылым академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті. Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтың алғашқы лауреаты. Жыл сайын 12 сәуірде Қаныш Имантайұлының туған күніне орай елімізде ғылым күні аталып өтіледі. Жаратылыстану ғылымы саласының ғалымдарына үздік жетістіктері үшін Сәтбаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ғалым ретінде Қаныш Имантайұлы еліміздегі ірі пайдалы қазбалы кен орындарын ашып қана қоймай, оларды өндіру және қайта өңдеу үшін өндірістік база құруға баға жетпес үлес қосты» дей келіп, академия басшысы отандық ғылымның қазіргі дамуына да тоқталды.

Ал Парламент Сенатының  депутаты, «Халықаралық Қ.Сәтбаев қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы даңқты данышпанның ұлттық ғылымды дамытудағы бірегей еңбектерін баяндады.

«Қанекең алдымен өндіріспен жұмыс істеуді алға қойды. Яғни ғалымның бастауымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 10 оқтың 9-ы осы қазақ жерінен өндірілді. Сол арқылы жеңісті жақындатты. Бұл оған үлкен бедел әкелді. Осы беделінің арқасында сол жылдардағы Кеңес Одағын басқарған Сталиннің, одан кейінгі Хрущевтің кабинеттеріне тура кіріп, отандық ғылымды дамытуға қаржының көзін таба білді. Әрине, ол кісіні Жезқазғаннан ғылымға әкелген – сол жылдағы үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов. Ол Қ.Сәтбаевты ғана ғылым жолына әкелген жоқ, сонымен қатар үлкен қызметке Д.Қонаевты да әкелді. Д.Қонаев 1954 жылы докторлық диссертациясын қорғағанда, Қаныш Имантайұлы оның еңбегіне оң баға берген. Сондықтан мұндай тұлғалардың бір-біріне көмегі көп тиген», – деді сенатор.

Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов Қаныш атамыздың жаны да, рухы да қазақ болғанын айтып, оның өз саласынан бөлек, өнерімізге, тарихымызға жана-шырлықпен қарағанын сөз етті.

«Қанекең жер тарихын, құры-лысын бес саусақтай білді. Қарсақ-пайда жүргенде жазған мақа-ласы 1930 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарық көрді. Сонда «Ұлытау кенересі» деген термин қолданады. Ұлытаудың бір шеті Арал теңізіне, енді бір шеті Бетпақ далаға жалғасады. Бұл үстіндегі Ұлытаудан астындағы Ұлытау 15-20 есе үлкен. Ғалым 1927 жылы «Ер Едіге» эпосын шығарды. Шын мәнінде, осы жинақтың өзі жазған алғысөзінде оның ғажап лингвист, филолог, тарихшы болғанын байқаймыз. Оның ұлттық театртану, музыкатануға қосқан үлесі де зор», деді ғалым. Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, ғалым Мақсат Жабағин баяндамасында кемел ғұламаның геология және жаратылыстану ғылымдарымен қоса, халқымыздың биотегін зерттеуге қолдау көрсеткенін айтты. Қазір осы салада атқарылып жатқан ғылыми жұмыстарымен бөлісті. Геолог ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Серікбек Дәукеев Қ.Сәтбаевтың отандық геологияға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, біраз жыл осы салаға айтарлықтай көңіл бөлінбегенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, халықаралық конференция аясында «Планетарлық деңгейдегі тұлға» атты көрме өтті. Оған ғалымның туған жері – Баянауыл мемориалдық музейі әкелген академиктің өзі тұтынған жеке заттары қойылды. Бұл құнды жәдігерлерді қонақтар қызығып тамашалады. Сонымен бірге, белгілі қылқалам шебері Алмас Сырға-баев парасатты тұлғаға арналған портреттер топтамасын ұсынды.

Конференцияға қатысушылар Қаныш Имантайұлының мұрасын дәріптеу мәселелерін, Мемлекет басшысының Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында алға қойған міндет-терін талқылады.

Шолпан БАЙҒАЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі:

– Ғылымның атасы, аспандағы 2402 жұлдыздың иесі, қазақтың арда ұлы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жылдық мерейтойы Астананың төрінен бастау алды. Ел-елден, жер-жерден келген қаныштанушылар жерлестері қойған ескерткіштің, академиктің алып бейнесінің етегіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мәшһүр атасының ұлағатты сөзі тасқа басылған сынтастың лентасы қиылды. Л.Гумилёв атындағы Евразия университетінде атақты ғалымдар,министрліктер, студенттер мен қонақтардың қатысуымен ғылыми конференция өтті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мерейтой шеңберінде өтетін шаралармен таныстырды. Қаныш атасының мерейлі жасы әлемдік деңгейде жыл бойы тойлануына ұйытқы болып отырған Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы маңызды да мазмұнды ғылыми баяндама жасады. Мен Қаныш ғалымның 90 жылдық мерейтойынан бері тарихи шараларға қатысып келемін. Елі үшін жанын шүберекке түйіп, халқын өзінен биік қойған, ғылымда баға жетпес байлық қалдырған Қаныш Имантайұлы ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ