Академик Әлкей Марғұланның 1975-1985 жылдары тұрған үйі бүгінде кішігірім мұражайға айналған. Бұл үйде қазір ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы тұрады. Академиктің соңында қалған бай мұраларын, қымбат қазынасын тұрақты дәріптеп жүрген де осы кісі. Жерлесіміздің биылғы мерейтойына орай атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сұрап, ғалымның ұрпағын әңгімеге тартқан едік.

– Дәнел Әлкейқызы, биыл қазақтың дарынды ұлдарының бірі –
Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл болса, Қаныш Сәтбаевтың өмірге келгеніне – 125 жыл. Сіз әрдайым осы екі тарихи тұлғаның еңбегін бір-бірімен ұштастыра айтып келесіз…

– Биыл – сіз атаған қос ғалымның мерейтойы. Екеуі де Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келіп, 20-ғасырдың 20-жылдары Семей педагогикалық техникумында оқыды. 1939 жылы Ғылым академиясының филиалын басқарып отырған Қ.И.Сәтбаев әкемді тарих секторына жұмысқа алады. Ал 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылған тұста әкемді археология секторының меңгерушісі етіп қояды. Сол жылдары Орталық Қазақстан археологиясының экспедициясы жасақталады. Әкем осы кезден бастап Орталық Қазақстан, Сырдария жағалауындағы көне қалаларды зерттеген. Мен Қазақстан археологиясының атласын қарап отырсам, Отырар, Сығанақ сынды қалаларды бірінші болып зерттеу жұмыстарын жүргізген Әлкей Хақанұлы екеніне көзім жетті. Себебі сол кітапта бірінші болып зерттеген Марғұлан деген жазбаларға  тап боласыз. Қаныш аға әкемнің бойынан археологтың шығатынына кәміл сенсе керек. Кейін әкеме тапсырма ретінде ежелгі тау-кен орындары мен көне металлургияны зерттеуді қолға ал деген екен. Ежелгі  тау-кен орындары мен көне металлургия туралы жазған еңбектерін кейін баспадан шығардық. Әкем бұл еңбектерім жарыққа шықпай қалады деп ойлайтын. Әкемнің ғылыми тұрғыда дәлелдеген тағы бір еңбегінде қола дәуірінде біздің даламызда көне металлургияның болғандығын көрсетеді. Ежелгі тайпалардың металл балқыту, саз балшықтардан құмыралар жасау  кен өндіру, егін егу, шымнан, тастан, бөренеден үй тұрғызу ісінің алға басқанын, сол себептен қола мәдениетінің қалыптасқанын көреміз. Демек, осындай айтулы жұмыстарды атқаруда әкеме Қаныш Имантайұлының ықпалы зор болғандығына куә боласыз. Бұл – бірлесіп атқарған іс деп айтар едім.

– Сіздің әкеңіз бүкіл ғұмырын қазақ даласын зерттеуге арнаған жан ғой. Академиктің экспедицияларға дайындығы, іссапарларға аттану сәтіне қатысты қандай ерекше есте-ліктер сіздің есіңізде қалды?

– Әкем – жалпы Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті түгел аралаған археолог-ғалым. Мен ол кісінің ең жақын шәкірттерін де жақсы танимын. Олар – елімізге белгілі ғалымдар: М.Қадырбаев, А.Оразбаев, К.Ақышев, Х.Арғынбаевтар.  Археологиялық экспедицияларда бірге жүрді. Солардың арасында Мир Қадырбаевтың өмірден ерте кеткеніне қатты уайымдаған болатын. Осы аталған ғалымдардың бәрі біздің үйде болды. Үйде отырып келесі жұмыстар жайында жоспар құрып, ақылдасатын. Әкемнің ең бір қуанатын кезеңі көктем шығып, күн жылынған уақыт, сол кезде экспедицияға баруға дайындалады. Оның өзімен бірге алып жүретін сандығы мен рюкзагы болды. Аяғына  арнайы дала жұмыстарына киетін бәтіңкесін тастамайтын. Кейін мен осы заттарын Алматыдағы Орталық музейге апарып бердім. Наурыз айынан бастап облыстағы басшылармен келіссөз жүргізіп, хат жазысып келісімге келетін. Оны архитектура саласы қатты қызықтыратын. Әсіресе, Аягөз қаласындағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары өте керемет салынған деп айтып отыратын.

– Биыл Әлкей Марғұланның мерейтойына орай қандай шараларды қолға алдыңыздар?

– Биыл әкемнің 120 жылдық мерейтойына орай бірнеше кітап басып шығару жоспарымызда бар. Олар – «Ежелгі қазақ тайпалары. Қазақ хандығының құрылуы», «Қазақтың сал-серілері», «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» деп аталатын өте ауқымды әрі құнды еңбектер. Бұл кітаптардың алдын баспаханаға тапсырып үлгердік, ал соңғысы әлі әзірленіп, жинақталу үстінде. Егер осы жоспарым жүзеге асса, әкеміздің мерейтойына жасалған өте үлкен сыйлық болар еді.

– Дәнел апай, жалпы бүгінгі күнге дейін Әлкей Марғұланның еңбектері, зерттеулері толық жарыққа шықты ма?

– Әкемнің еңбектері толық жарыққа шыққан жоқ. Мен осы мәселе бойынша еңбектеніп жатырмын. Мысал үшін айтқанда, ғалымның академиялық жинағын жарыққа шығару мәселесін көтеріп жүрмін. Мұның барлығы – шамамен 25 томға жүк болар еңбек. Оның ішіне академиктің түгел еңбегін сыйдыруға болады. Астанада болғанда Қазақстан Президентінің кеңесшісі Күнсұлу Закарияновамен таныстым, сол жолы ойымдағы жоспарымды айттым. Қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Ал библиографиялық еңбектеріне келсек, Ұлттық ғылым академиясы әкемнің 100 жылдық мерейтойына орай Павлодардағы С.Торайғыров университеті арқылы екі басылымын жарыққа шығарып берді. Университет ғалымдары «Ә.Марғұланның жеке архиві – қолжазба қорының тізбесі», «Ә.Марғұлан қорынан» деп аталатын құжаттар мен материалдар жинағын бастырып, Ұлттық мемлекеттік архивке табыс еткен еді. Бұл жұмыстарға ғалымдар екі жыл уақытын арнады. Үйде сақталған бірқатар еңбегін Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивке тапсырдым. Оның ішінде Беғазы-Дәндібай экспедиция- сынан түсірілген петроглифтердің төрт жүзден астам суреті қамтылды.

– Кейінгі жастар арасында Марғұлан мұрасын зерттеумен шұғылданып, ғылыми диссертация қорғап жүргендер бар ма?

– Иә, жерлестерінің арасында ғалымның еңбегін зерттеумен айналысып жүргендер бар. Мысалы, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бұрынғы қызметкері Марван Хамитова «Ғұлама, ғалым, азамат, тұлға» кітабын жарыққа шығарып, ғалым еңбектері хақында кандидаттық диссертация қорғаған еді. Ол сонымен қатар Құндыкөлде Ә.Марғұлан музейінің ашылуына да ықпал етті. Кейінгі жылдары Павлодарда Торайғыров университетінің ғалымы Амантай Құдабаев «Марғұлан энциклопедия- сын» жинақтауда. Ә.Марғұланның Орталық мұрағат қорларында және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында археология, этнография, шығыстану, тарих, өнертану салаларына арналған мыңнан астам сирек кітаптар кітапханасы, қолжазбаларының түпнұсқалары, қойын дәптерлері, ғылыми-зерттеу экспедицияларының жазбалары бар. Ол жас ізденушілер үшін тың тақырыптарға негіз болатыны анық. Сонымен бірге, ғалым мұрасын насихаттауға байланысты өңірлерде кездесулер өтіп тұрады, деректі фильмдер де жарық көріп жатыр. Мұның өзі ғалым мұрасына деген құрметті білдірсе керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.