Аймағымызда алғашқы 8 айда көкжөтелдің 136 жағдайы тіркелген. Өткен жылы тек бір адам ғана аталмыш дертпен ауырған. Сырқаттанғандардың дені — балалар.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, биыл балалар арасында көкжөтелдің асқынуына олардың екпе алмауы себеп. Бұл жағдай індеттің өршуіне әкелді.
— Көкжөтел – бұл балалар мен ересектер үшін жұқпалы және қауіпті жедел инфекциялық ауру. Ауруды жұқтырған адамдардың мұрнында, ауыз қуысында және тамағында Bordetella pertussis бактериясы болады. Қоздырғыш ауа тамшылары арқылы беріледі. Бұл індет жас талғамайды. Ересек адамдармен қатар, жаңа туған сәбилер де ауырады. Көп жағдайда көкжетелді жұқтыратындардың 90 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды. Әсіресе, дертпен 1 жасқа дейінгі балалар ауырады. Мұндай індет баланың тыныс жолдарын бітеп, адамның тоқтаусыз жөтелуіне әкеледі, —
дейді З.Дощанова.
Көкжөтелдің алғашқы белгілері инфекциядан кейін 7-10 күн өткеннен соң пайда болады. Инкубациялық кезеңде мұрын ағып, түшкіру, әлсіздік, тәбеттің болмауы сынды белгілер мазалайды. Жөтел жеңіл болады. Ал аурудың 3-ші аптасында жөтел біртіндеп күшейеді. Тіпті, түнде адамды ұйықтатпайды. Кішкентай нәрестелердің тынысы тоқтап қалуы ықтимал. Себебі, жөтелдің салдарынан дем ала алмайды. Ал ұстама жөтел бірнеше айға созылады. Адам ең көп дегенде 6 ай ауруы мүмкін. Көкжөтел кезінде дене қызуы көтерілмейді.
Көкжөтел микробы 3-5 аптадан кейін науқастың иммунитетін басуға қабілетті. Сондықтан асқынуларға әкелуі мүмкін. Егер індет көкжөтелді пневомнияға асқынса, ұзақ ем қабылдауға тура келеді. Бұл кезде бактериялық пневмония, энцефалопатия, мидың зақымдануы сынды жағдайлар орын алады. Індет ересектерде өте ауыр өтеді.
Естеріңізде болса, биыл елімізде екпе алмаған үш бала көкжөтелден қайтыс болды.
Дәрігерлер елімізде 2018-2019 жылдары көкжөтел өршігенін айтады. Тек вакцинаның арқа-сында індет жұқтыру деңгейі азайды. 2023 жылы ауру қайта тарала бастады. Емханада емделген балаға қажетті ем жүргізіледі. Бірақ препараттар симптомды ғана басады. Көкжөтелден қорғайтын вакцина 4 дозадан тұрады. Алғашқысы сәбидің 2 айлығында басталады. Қалған дозаларды 3, 4 және 18 айларында алуы тиіс. Бұл ретте оларға АКДС екпесі егіледі. Ал ревакцинация бала
6 жасқа толғанда жүргізіледі. Әр бүлдіршін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханада екпені тегін алуға мүмкіндігі бар. Осы жастан асқандарға аталмыш екпе салынбайды.
— Көкжөтелді тұмаумен шатастыратындар көп. Дерт асқынса, өкпе қабынып, мидың гипоксиясына әкелуі ықтимал. Көптеген ата-ана мұндай жұқпалы ауруларға немқұрайлы қарайды. Кәдімгі ЖРВИ деп қабылдап, дұрыс ем жүргізбейді. Көкжөтел тыныс алуға кедергі келтіріп, миға оттегіні жеткізбейді. Мұның соңы өлімге әкеледі. Індет сонысымен де қауіпті болып отыр, — дейді З.Дощанова.
Қазіргі уақытта маусымдық вирус белең алуда. ЖРВИ тұмауға ұласып, оның соңы пневмония, көкжөтелге дейін жеткізуі мүмкін. Сондықтан өмірге сәби әкелген ата-аналар балаларын қауіпті індеттен қорғауды қазірден бастап ойлауы керек.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.