Соңғы жылдары облыс аумағындағы түрлі маңыздағы жолдарды жөндеу қарқыны арта түсті. Әсіресе, елді мекен ішіндегі және ауылға кіреберіс жолдарды жайлы етуге баса мән беріліп жатыр. Биыл бұл мақсатқа бұрын-соңды бөлінбеген қаржы қарастырылды.
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиын барысында өңірдегі жолдарды жөндеу мәселелері талқыланды.
Жалпы, биыл Павлодар облысындағы жолдарды жөндеуге рекордтық сома — 27 млрд теңге бөлінді. Осы жылы барлығы 136 жоба қолға алынды. Соның аясында облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жолды, сондай-ақ елді мекендердегі көше жолдарын жөндеу жоспарлануда.
Жауапты сала өкілдерінің мәлімдеуінше, бүгінде жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, яғни мерзім бойынша кешігу жоқ. Осы уақытқа дейін 40 учаскеде жұмыстар толығымен аяқталды. Жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге қажет инфрақұрылымның барлығы жеткілікті. Айталық, 23 асфальтбетон зауыты, 13 қиыршық тас өндіру карьері және 1 битум өндіру зауыты бұл бағыттағы істерге атсалысуда.
Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бақылайды. 2022-2023 жылдары жөнделген учаскелерден алынған 442 асфальт сынамасының 87-сі стандартқа сәйкес келмейтіні, сондай-ақ әртүрлі дәрежедегі 286 ақау анықталды.
Асайын Байханов кепілдік міндеттемелер шеңберінде мердігерлерге барлық анықталған ақауларды қысқа мерзімде жоюды, қалалар мен аудандардың әкімдеріне жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.