Өзбекстан Республика-сының астанасы Ташкент қаласында «ZhuldyzArt Kazakhstan» атты халықаралық өнер байқауы өтті. Оған еліміздің әр аймағынан 43 топ қатысты. Байқауда облысымыздың намысын қорғаған Баянауыл ауданы Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлдемен оралды.

Ән салу бөлімінде облысымыздың намысын қорғаған Ділдә Алмат «Ябеда» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алса, Ясмин Темірболат «Мен қазақпын» әнімен 1-орын иегері атанды. Жеңімпаз оқушылардың жетекшісі – Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің вокал мұғалімі Қамажай Ермекова. Ал «Solis» би тобының орта топ және жоғарғы тобы бірінші орынды иеленді. Оларды хореограф-педагог Шынар Балғожина дайындады.

– Оқушылар Өзбекстан елінің Ташкент қаласының көрікті жерлерін аралап, есте қаларлық саяхат жасады, керемет хореографтардан сабақ алып, жаңа қимылдар үйренді. Орта топ оқушылары «Құрбылар», жоғарғы топ оқушылары «Қос бұрым» билерін орындады. Байқаудан кейін қазылар алқасы хореографтар мен оқушыларға шеберлік сағатын өткізді. Конкурс жоғары деңгейде өтті, – дейді Шынар Балғожина.

Байқау қорытындысы бойынша топқа кубок, әр балаға медаль, грамота және Стамбул қаласында өтетін байқауға қатысуға жолдама ұсынылды.

Айта кетейік, Ділдә Алмат ән салу сыныбында үшінші жыл, Ясмин Темірболат бесінші жыл білім алуда. Жас өрендер бұған дейін де республикалық, халықаралық конкурстарда жүлдеге ие болған.

 

Өз тілшіміз.