«Шынарааа-у деп шақырсам» деген ән «Halyq Radiosy»-нан шырқалғанда аталған ұжымның белді журналисі Шынар Мәденова еріксіз ойға оралады. Дидарын көрмесе де, көшеде дауысынан танып жататын тыңдармандар оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды. Алыс жолға шыққан көлік жүргізушілері талантты журналист жүргізген бағдарламаны ұйып тыңдап отырып, барар жеріне қалай тез жеткенін байқамай қалатынын жиі айтады.
«Қазір радионы кім тыңдайды?» деген – жаңсақ пікір. Көлік тізгін-дегеннің бәрі радионы қосып қойып, соңғы жаңалықтарды, қызықты бағдарламаларды тыңдап отыратынын көріп жүрміз. Ауылдық жерлерде де радио қосулы. Радиодан шырқалған әнге қосылып, ас дайындап жататын келіншектер жетерлік. Өз тыңдарманы қалыптасып үлгерген «Halyq Radiosy» биыл 85 жылдығын тойлауда. Осы уақыт аралығында радионың табалдырығын қаншама жас тілші аттап, үлкен журналистік өмірге жолдама алды. Осы орайда, жиырма жыл уақыт бойы радионың суығына тоңып, ыстығына күйіп, ұйымшыл ұжымды алға сүйреп жүрген тәжірибелі маман Шынар Мәденованы әңгімеге тартқан едік.
– Әркім өз туған жерін мақтайды ғой. Мен туып-өскен өлке мақ-тауға тұрарлық. Ақтоғай – даласы берекелі, тұрғындары еңбекқор, бірлігі жарасқан аудандардың бірі. Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткенов ауылында дүниеге келіп, С.Мүткенов атындағы мектепті тәмамдадым. Павлодар педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, туған жерге оралып, білім алған мектебімде ұстаздық қызмет жолымды бастадым. Мүткенов десе, елең етіп, рухтана түсетінім содан болар.
Жалпы, 12-13 жыл көлеміндегі ұстаздық еңбек өтілім бар. Білім саласында еңбек етіп жүрген уақытта бір сәтте басқа салаға ауысқым келіп, ойлана бастадым. Тың нәрсемен айналысуды қала-дым. Сөйтіп, 2003 жылы сол кездегі облыстық Пав-лодар радиосының табал-дырығын аттадым. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Тұрғындар ұйқысынан оянып жатқанда біздің тірлік қыз-қыз қайнап жатады. Таңмен жарыса тұрып, тыңдармандарға ақпараттарды жедел таратуға күш салып келеміз. Радио – әрқашан жүрегімде! Басқа салаға ауысқым келмейді, себебі радиодағы жұмысымнан ләззат аламын. Бүгінде «Halyq Radiosy» атанған ұжым шынымен де халықтың сүйіктісіне айналып, тың-дарманның жоғары бағасын алып келеді. Бір атап өтерлігі, біздің радионы шекаралас орналасқан Ресей аймақтарымен қатар, Қытайда да тыңдайды, – дейді Шынар Шаймарданқызы.
Журналист болу оңай емес. Радиожурналистика – өзіндік ерекшелігі мен табиғаты, әдіс-тәсілдері мен қырлары бар ғылым саласы ретінде де мойындалған. Ол – тіл білімі мен сөйлеу мәдениетін, психология мен әлеуметтануды, тарихи шолу мен философияны бір арнаға біріктіретін күрделі құрылым.
– Иә, радиожурналистиканың өзіндік талаптары бар. Мәселен, көңіл-күйің болмаса да пробле-маңды ысырып тастап, тыңдарманмен қуанышты үнмен қауышу керек. Тұрғындарға ақпарат беру бір бөлек, күні бойы көңілді жүретіндей эмоция сыйлауың қажет. Павлодар өңірі – индустриялық, экономикалық және ауыл шаруашылығы саласы дамыған аймақтардың бірі. Журналистер жергілікті тұрғындарға сапалы ақпарат тарату үшін аталған саланың қыр-сырын түсінуі маңызды. Осы орайда, бір оқиға есіме түсіп отыр. Тікелей эфирге Алматыдан танымал биші, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі Болат Аюханов келді. Өте білімді, жан-жақты, халықаралық деңгейдегі тұлғамен сапалы сұхбат жүргізу үшін менің де білім көкжиегім одан төмен болмауы керек қой. Мықтап дайындалдым. Сол кісінің деңгейіне жетпесек те, бағдарлама барысында жақсы ойлар айтылып, тамаша сұхбат құрған сияқтымыз. Кейде эфирге шаруа да, мұғалім де, дәрігер де, дәнекерлеуші де, қысқасы, барлық саланың өкілдері келеді. Айтпағым, заман талабына сай қазіргі журналистер өте әмбебеп болғаны абзал. Сонда ғана халыққа сапалы, пайдалы ақпарат ұсына аламыз, – дейді әңгімеміздің кейіпкері.
Шынар Шаймарданқызының өмірлік ұстанымы – қандай қиын-дық жолықса да, алға қарай нық қадам басу. Өмірге құштар журналист жұмысын адал атқарып, өзін дамытуға баса мән береді. Француз тілін меңгерсем деген арманы бар. Бос уақыты көп болмаса да, тыныштықта кітап оқығанды ұнатады. Осы уақытқа дейін «Абай жолы» романын орыс тілінде оқыса, енді қазақша нұсқасын үтір, нүктесіне дейін оқып шығуды мақсат етуде. Оның журналистік жолдағы еңбегі еленбей қалған жоқ. Әр жылдары облыс әкімінің грантын, басқармалардың түрлі марапаттарын иеленді. Ең бағалысы – Ақпарат саласының үздігі белгісі.
– Білім алып жүрген, жұмыс істеп жүрген жас журналистерге айтарым, ең әуелі мамандыққа деген қызығушылық болуы керек. Мамандығыңа адалдық танытсаң, жұмысың берекелі, айналаңа абыройлы боласың. Осы сәтті пайдалана отырып, барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еңбегіміз жана берсін. 85 жыл-дығын қарсы алған «Halyq Radiosy» шартарапқа тарап, жақсы жаңалықтың жаршысы бола берсін! – деп әңгімесін аяқтады талантты журналист.
Оралхан ҚОЖАНОВ.