Күз. Бұл сөзді естігенде көз алдыңызға нені елестетесіз? Мектеп пен жаңа оқу жылының басталуы ма, мүмкін күзгі бақ, түсін жоғалтқан ағаштар ма?

Күзді біреу сұрланған табиғатпен теңестіруі мүмкін. Алайда менің ойымша, күз мезгілі — ең жарқын сәттердің кезеңі. Неге? Алдымен, қыркүйекте мен мектепке оралып, достарыммен жүздесемін. Бұл маған келесі оқу жылына ынта мен керемет көңіл-күй сыйлайды.

Екіншіден, қыркүйекте менің және анамның туған күні. Туған күн — әр адамның өміріндегі ең маңызды күн, себебі ол жылына тек бір рет келеді. Әр күз сайын бір жылға есейіп, өзімді жақсы жаққа өзгертуге тырысамын. Үшіншіден, Абай атамыздың «Сұр бұлт, түсі суық, қаптайды аспан» деп басталатын «Күз» өлеңіндегідей күзді табиғаттың құбылмалы болуы үшін де жақсы көремін. Жаңбырлы күндер де өзді-гімен ерекше, аспандағы сұрланған бұлттар да өзді-гімен әдемі.

Міне, күз мен үшін ең маңызды мезгілдің бірі екеніне көз жеткіздік. Бұл — маған керемет естеліктер мен ұмытылмас сәттерді сыйлайтын кез. Күздің күндерін бірге тамашалайық, осы 2024 жылдың күзі баршамызға тек жақсылық әкелсін!

Мерей КЕҢЕС, Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің 6-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.