Биыл 1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік кодекс өз күшіне енеді. Адамның бүкіл өмірлік белестері енді осы құжатпен реттеледі. Ол 5 бөлім, 19 тарау және 267 баптан тұрады. Бұл кодекстің әлеуметке әсері қандай болмақ? Құжат халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігін тигізе ме? деген сауалдар төңірегінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айгүл Қапеновамен сұхбаттасқан едік.
— Айгүл Әбутәліпқызы, жаңа әлеуметтік кодекстің ерекшелігі неде?
— ҚР Әлеуметтік кодексі қазақстандық отбасыны нығайтуға және дамытуға арналған жаңа әлеуметтік саясатты құруға негіз болады. Оның қабылдануы бүгінгі күнге дейін қолданыста жүрген 17 Заңның күшін жояды. Мысалы, егер қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселе-лері 5 заңмен реттелетін болса, келешекте ол бір ғана Әлеуметтік кодексте болады. Ол әр адамның туғаннан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмір жолының кезеңдеріне сәйкес, барлық адамда бірдей бола бермейтін қажеттіліктерден туындауы мүмкін шараларды ескере отырып, өмірлік қиын жағдайдағы адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді атап көрсету негізінде құрылған.
— Жаңа құжат бойынша салада қандай өзгерістер болмақ?
— ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру сынды бағыттар бар. Сонымен қатар, қазіргі кездегі әлеуметтік қолдаудың барлық кепілдіктері мен нысандарының сақталуын, оның ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан азаматтарды зейнетақылармен, жәрдемақы-лармен және төлемдермен қамтамасыз ету қарастырылған.
— Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі бағыттары қандай?
— Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап енгізілді. Әлеуметтік кодекс шеңберінде Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметр-лері өзгеріссіз сақталады. Онда еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмы-сынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелдердің 6 түрі бойынша сақтандыру көзделген. Осы мақсатта төлеушілер (жұмыс берушілер) өз қызметкерлері үшін Қорға ай сайын 3,5 пайыз мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударады.
Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекстің жобасында жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды жетектеп жүруге қызмет көрсететін жеке көмекшіні міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту қарастырылған. Яғни жеке көмекші Қордан әлеуметтік төлемдер ала алады. Сақтандыру пакеті шеңберінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы үшін еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы төлемін алу құқығы беріледі.
— Жаңа әлеуметтік кодекстің қабылдануы азаматтарға не береді?
— Жаңа құжат азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға, халықтың әлеуметтік әл-ауқатына автоматтандырылған мониторинг жүргізуге, әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға, электрондық және проактивті форматта мемлекеттік қызметтер көрсету арқылы олардың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік тәуекел туындайтын болса, яғни жүйенің қатысушысы қайтыс болған жағдайда оның асырауындағыларға Қордан әлеу-меттік төлем төлеуге кепілдік беріледі. Бұл жұмыс істейтін азаматтар үшін республикалық бюджеттен базалық әлеуметтік қамсыздандыруға қосымша әлеу-меттік қорғау деңгейі болып табылады. Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша осы жүйемен 19800-ден аса адам қамтылған. Өткен жылы 35579 адам әлеуметтік төлем алды.
— Әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай есептеледі?
— Әлеуметтік төлемдердің көлемі жүйеге қатысушының әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады. Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда бері-летін әлеуметтік төлем мүгедектігі бойынша республикалық бюджет есебінен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30 пайыздан 100 пайызға дейін белгілеген күннен бастап оның бүкіл кезеңіне еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төлем жасалады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері жүйеге қатысушының соңғы 2 жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің, жүйеге қатысу өтілінің және табысты алмастыру коэффициенттеріне (6 пайыз немесе 0,6) байланысты болады. Мәселен, өткен жылы Қордан аталған төлемді шамамен 1 219 050142 теңге сомасына 3942 адам, биыл 1-тоқсанда 358 055 777 теңге сомасына 3557 адам алды. Тағайындалған төлемдердің орташа мөлшері 100 662 теңгені құрады.
— Әлеуметтік кодекске сәйкес 1 шілдеден бастап не өзгереді?
— Мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер 14,5 пайызға көбейеді. Бұл төлемдер ағымдағы жылдың қаңтарынан 8,5 пайызға өскен еді. Сонда жыл басынан бері әлеуметтік төлем барлығы 23 пайызға артып отыр. Бұл өсімді қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алатын 3557 тұрғын байқайды.
Асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлем асыраушысынан айырылу бойынша республикалық бюджет есебінен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Асыраушының асырауындағы отбасы мүшелеріне асыраушы қайтыс болған күннен бастап белгіленеді. Төлем асырау-ындағы адам 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқуды жалғастырған жағдайда 23 жасқа дейін төлем жасалады.
— Асыраушысынан айырылғандарға арналған әлеуметтік төлем қалай есептеледі?
— Әлеуметтік төлем көлемі қайтыс болған асыраушының соңғы 2 жыл ішіндегі табысына, сондай-ақ табысты ауыстыру коэффициенттеріне, асырауындағы адамдардың санына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады. 2022 жылы асыраушысынан айырылуына байланысты 976 695 518 теңге сомаға асыраушысынан айырылған 2976 отбасы, 2023 жылдың 1 тоқсанында 279 355 067 теңге сомаға 2799 отбасына әлеуметтік төлем берілді. Тағайындалған төлемдердің орташа мөлшері 99 805 теңгені құрады.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап асыраушысынан айырылған отба-сыларға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер де 14,5 пайызға артады. Қордан асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алатын 2700-ге жуық отбасына қатысты болады. Әлеуметтік тәуекел туындаған кезде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы, оның ішінде оның отбасы мүшелері, асыраушы қайтыс болған жағдайда базалық жәрдемақылар мен Қордан төлемдер алатынын ескерсек, оның әлеуметтік қорғалуы жұмыс істемейтін адамға қарағанда жоғары болады.
— Жұмысынан айырылуға байланысты әлеуметтік төлемдер қандай жағдайда беріледі?
— Қордан жұмысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушысы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының табысына, жүйеге қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне (45 пайыз немесе 0,45) байланысты болады.
Мемлекет Басшысының Жолда-уын жүзеге асыру аясында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап табысты ауыстыру коэффициенті 40 пайыздан 45 пайызға дейін артты. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қаңтарға 4217-ге жуық алушыға жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді біржолғы қайта есептеу жүзеге асырылды. Соның есебінен орташа төлем көлемі 13 пайызға өсті. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін жүзеге асырылады. 2022 жылы Қордан 715 903 964 теңге сомаға 4217 адам, 2023 жылдың 1-тоқсанында 256 821 803 теңге сомаға 2002 адам төлем алды. Тағайындалған төлемдердің орташа мөлшері 128 282 теңгені құрады.
— Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жандарға төлем қалай есептеледі?
— Бұл жағдайда Қордан төленетін әлеуметтік төлем еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген жүктілігі және босануы бойынша демалыс күнінен бастап тағайындалады. Төлем еңбекке уақытша жарамсыздық парағының барлық кезеңіне жүзеге асырылады. Біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
2022 жылы көрсетілген төлем 4 683 104 638 теңге сомаға шамамен 6853 алушыға және 2023 жылдың 1 тоқсанында 1 462 344 700 теңге сомаға 1942 адамға төленді. Тағайындалған төлемдердің орташа мөлшері 753 009 теңгені құрады.
Осы жылдан бастап төлем 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төленеді. Әлеуметтік төлемнің көлемі соңғы 2 жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының табысына және кірісті ауыстыру коэффициентіне (40 пайыз немесе 0,4) байланысты болады.
2022 жылы Қордан төленетін осы төлем 17591 адамға және 2023 жылдың 1 тоқсанында 9552 адамға тағайындалды. Аталған төлемге 2022 жылы 4 706 501 548 теңге және ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 1 398 350 606 теңге бағытталды. Тағайындалған төлемдердің орташа мөлшері 146393 теңгені құрады. Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі жағдайына әлеуметтік төлемді тағайындау кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттырылды. Осыған байланысты осы төлемді алушы 9552 адамға тағайындау мерзімі автоматты түрде ұзартылды.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Торғын ОРАЗАЛЫ.