Мамандық таңдау — өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау. Яғни, өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, сонымен қатар өзің араласқың келетін ортаны да таңдау деген сөз. Өмірде адам екі нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі — жар таңдау болса, екіншісі — мамандық таңдау. Өмірден өз орнын тауып, адал еңбек ету — әр адамның арманы деп ойлаймын.

Мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Өйткені, әр адамның болашағы таңдаған мамандығына байланысты болмақ.

Менің арманым — дәрігер болу. Дәрігер — адамдарды түрлі жарақаттан аман алып қалып, жан-жақты қолдау көрсететін жан. Болашақта менің де адамдарға көмегім тисе, өзімді бақытты жанмын деп бағалар едім.

Бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзін қоршаған ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, мамандығын сүйіп таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе ғана, шабыты арта түседі.

Мен өзім қалаған маман иесі боламын. Осы ойымды жүзеге асыруға қазірден кірістім. Барлық жігерімді білімге, сабаққа салу керек.

Ойымды қорытындылайтын болсам, мен де қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Мамандық таңдауда қателеспеген сияқтымын.

Болашақта дәрігер болып анамды қуантқым келеді. Әрқашан арманымызға ұмтылып, талпынып, дегенімізге жетейік, достар.

 

Насиха ӘБІШ, Потанин орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Аққулы ауданы.