Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, биі және аспабы. Осы аталған ұлттық құндылықтарымыз Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның «Нұр» би ансамблінің шығармашылық кешінде өз үйлесімін тапты. Кеш барысында жиналған қауым бишілерге шынайы ризашылығын білдіріп, қошемет пен ыстық ықыласын жеткізді.

«Нұр» би ансамблі би өнерін ерекше бағалайтын жандарға етене таныс. Ансамбль әртістері орындау техникасын асқан шеберлікпен меңгеріп қана қоймай, олардың әр қадамы арқылы үлкен құштарлық пен эмоцияны жеткізеді. Олардың өнер көрсетуі көрермендерді демдерін іштеріне тартып, олардың шеберлігіне тәнті етіп, ұсынылған образдардың атмосферасына сүңгітеді. Негізгі бағыты — халық биі, бірақ өзге де би түрлерін сахналаудан қорықпайды. Керісінше, әр жанрда өз мүмкіндіктерін сынап келеді.

Жуырда Естай атындағы мәдениет сарайында би ансамблінің кезекті шығармашылық концерті өтті. Осы кеште олар «Шаңырақ» ансамблі мен «Самиян» ерлер квинтеті және «RUH» этно-фольклорлық тобымен бірлесіп өнер көрсетті.

Би ансамблінің көркемдік жетекшісі Айгүл Дайырбаеваның сөзінше, «Нұр» би ансамблі өзінің шығармашылығымен Павлодар облысында ғана емес, Қазақстанның басқа да аймақтарына танымал. Ұжым мүшелері қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өтетін көптеген қоғамдық-мәдени шараға белсенді қатысады. Әртістердің көпшілігі түрлі байқаулардың жеңімпаздары атанған.

— Кезекті концертімізде күрделі хореграфиялық қойылымдар мен әсем вокалды әндер шырқалды. Осы концерттік бағдарлама арқылы көрермендерге көне даланың сырлы әуендерінің үйлесімділігін жеткізгіміз келді. Олар біздің биіміз бен музыкамыздың сиқырын сезініп, әр нөмірді бағалай алуы үшін барлығын жасауға тырыстық. Бұл біз үшін алғашқы тәжірибе болды, — дейді А.Дайырбаева.

«Нұр» би ансамблінің мүшесі Филипп Валовтың айтуынша, ұжым концертке 2 айға жуық уақыт дайындалып, көрерменге жаңа қойылымдарын ұсынған. Олардың арасында қазақ халқының ләңгі секілді ойындары би өнері арқылы көрсетілген.

— Әр концертке бар күш-жігерімізді салып дайындаламыз. Күні кеше ғана дайындық барысында «Балбырауын» күйін естігенде жан дүниемде ерекше рух сезілді. Содан болар, өзіме жүктелген міндетті абыроймен алып шықтым, — дейді ол.

Мерекелік кеш «Шашу» қойылымымен бастау алды. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы костюмдер, бишілердің қимылы, әртістердің әр элементке баса назар аударып, шеберлікпен орындауы көрермендерді тәнті етті. Бір-бірінен өткен әр би нөмірі кеш қонақтарының таңдайын қақтырып, ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар, концерт барысында бишілер күрделі акробатикалық элементтерді қолдана отырып «Ләңгі», «Қазақ өрнектері», «Қамажай», «Жорға» секілді қойылымдарды сахналады. Ал ««Шаңырақ» ансамблі мен «Самиян» ерлер квинтеті және «RUH» этно-фольклорлық тобы өнер көрсету барысында қазақтың көне аспаптары жетіген, дабыл, шаңқобыз, сазсырнай аспаптарымен сүйемелдеді.

Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген -Есенжол Исабек.