Бұған дейін неке тек ХҚКО-да тіркеледі деген ақпарат тараған болатын. 1 шілдеден бастап азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары Мемлекеттік корпорацияға берілгенімен, неке бұрынғы АХАТ бөлімшелерінде тіркеледі. Яғни, қызмет көрсету тәртібі өзгермейді.
Некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, сондай-ақ шешімдер қабылдау және нәтижелерді беруді АХАТ органдары атқарады. Некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімін аудандық және қалалық АХАТ бөлімдері орындайды. Сонымен қатар, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады.
Некеге тұруды қалайтын азаматтар некені тіркеудің белгіленген күні тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжаттарын ала келуі тиіс. Өтініш бергенде клиент неке қиюды салтанатты түрде өткізе ме, мүлдем жасамай ма, қалауын таңдап көрсетеді.
АХАТ қызметтерін тек тіркеуші органның қызметкерлері көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) операторларын қоса алғанда, мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайды.
Қызмет көрсету стандарттары, оларды қарау тәртібі мен мерзімдері өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар, мемлекеттік корпорацияда АХАТ қызметкерлеріне жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретін қосымша мамандар қарастырылған.
Айта кетейік, АХАТ-та ақылы және тегін қызметтер бар. Әлеуметтік маңызы бар қызметтер – туу және өлімді тіркеу тегін болса, ақылы қызметтердің тарифі қосымша құн салығын ескере отырып есептеледі.
Өз тілшіміз.