Бүгінде прокуратурадағы әрбір қызметкер Мемлекет басшысы айқындап берген маңызды міндеттерді мінсіз атқарып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің сенімді тірегіне айналды. Салада қызмет атқаратын әрбір азамат абыройлы міндеттің салмағын санамен, ауырлығын армен, өлшемін өремен сезіне біліп, қоғамға қалтқысыз қызмет етуде. Солардың бірі — Павлодар облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатысына қатысу басқармасының бастығы Әлия Оспанова.

Прокуратура саласында 23 жылдан астам жұмыс өтілі бар Әлия Қалымқызы — Шарбақты ауданында дүниеге келген. Мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алып, 2000 жылдан бері құқық қорғау органдарында еңбек етіп келеді. Қызметтің сан қилы баспалдағынан өткен ол, Павлодар қаласы прокурорының көмекшісі, Павлодар қаласы прокурорының аға көмекшісі, Павлодар қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушылар бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Ал 2021 жылғы 14 сәуірде Павлодар облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатысына қатысу басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды.

Жауапкершілігі мол бұл қызметтің құзыреті мен «құдыретін» тарқатып берген ол, прокуратура қызметінің басты мақсаты – заңның бұзылуына жол бермеу, азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Яғни, прокурор – жедел іздестіру қызметін, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ, қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық ізге түсуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын лауазымды тұлға.

— Алдымен прокурор азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыспен күрес, халықтың сенім деңгейін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Біз үшін халықтың сенім артуы, прокуратураға келіп шағымданудан қорықпауы өте маңызды. Бұл тұрмыстық, еңбек және басқа да әлеуметтік мәселелер, шенеуніктердің әрекеті немесе әрекетсіздігі болуы мүмкін. Сол үшін жеке қабылдаулар ұйымдастырылады. Бұл ретте, прокурорлар Соттан қылмыскерлердің істеген әрекетінің деңгейіне қарай заңға сай жаза қолданылуын сұрайды. Алайда, бұл жазалар тек Заң шеңберінде ғана болуы керек. Заң аясынан тыс әрі өз қызметін асыра пайдаланып іс жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Сол себепті прокурорлар өз қызметін тек Заңмен ұштастырып қана орындайды. Ал, бастысы прокурор әр адаммен тіл табысып жұмыс істей алатын, ұйымдастырушылық қасиеттері жоғары, тез шешім қабылдауға бейім және әділ адам болуы тиіс. Жалпы, бұл — әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы мен борышы, — дейді Ә.Оспанова.

Айта кетейік, бүгінгі таңда басқарма басшысының жетекшілігі-мен сотта мемлекет мүдделерінің өкілдігін тиісті түрде ұйымдастыруға және қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауға байланысты Павлодар облысының прокуратурасы оң нәтижелерге кол жеткізді. Атап өтсек, Әлия Оспанованың басшылығымен 2023 жылдың 12 айында Павлодар облысының соттары мемлекеттік айыптаушылардың қатысуымен 1207 істі қарады, апелляциялық сатыдағы сот 242 істі қарады, кассациялық сатыдағы сот 16 істі карады. Прокурорлардың бастамасы бойынша 53 тұлғаға қатысты сот үкімдері мен каулылары заңға сәйкес келтірілді.

— Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Оларды қорғауға еліміздің Конституциясы кепілдік береді. Осы орайда қоғам мен мемлекетте заңдылыққа қол жеткізу — прокуратура жұмы-сының негізгі және басты мақсаты екені белгілі. «Прокуратура туралы» Конституциялық заң ең алдымен прокуратура органы қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін белгілейді. Сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге айналды, — деп толықтырды ол.

Қай салада болмасын, адал еңбек пен маңдай тер, ел мүддесі жолындағы елеулі үлес ескерусіз қалмайды ғой. Әлия Қалымқызы 2023 жылы Бас прокуратура ұйымдастырған мемлекеттік айыптаушылардың республикалық форумына қатысып, форум қоры-тындысы бойынша «Мемлекеттік айыптаушының үздік сөзі» және «Креативті мемлекеттік айыптаушы» номинацияларында жеңіске жеткені үшін Бас прокурордың дипломдарымен марапатталған. Сонымен қатар, Бас Прокурордың Алғыс хатына ие болды.

Бүгінгі таңда прокуратура қызметкерлері өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп және мамандықтарына адалдық таныта отырып, қадағалау органдарының қалыптасу шежіресіне өз үлестерін қосып келеді. Елдегі конституциялық тәртіп пен заңдылықты сақтауда, мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз етуде прокуратура қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз.

 

А.МҰҚЫШЕВ.