2025 жылды ел Президенті «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Тиісті Жарлыққа қол да қойылды. Бұл бастама арқылы мемлекет деңгейінде жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге мән берілмек. Қоғамда еңбекқор әрі нағыз мамандарды қалыптастыру көзделіп отыр. Өкінішке қарай, жұмысшы мамандыққа қоғамда көп адам жатырқай қарайтыны да рас. Енді қате түсініктен алшақтап, мәртебелі мамандық иелеріне құрметпен қарайтын кез келген секілді. Осы ретте, жастық шағында алып техниканың тізгінін ұстап, Екібастұздағы кеніштердің бірінде отыз жылдан астам уақыт табанды еңбек еткен, Еңбек ері атанған, Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Мұрат Амангелдіұлы Қайыргелдинмен тілдесіп, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру мақсатында қандай қадамдар жасалуы қажеттігін сұрадық. Еңбек адамы жылдар бойы жиналған тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі буынға ақыл-кеңесін берді.
— Мұрат Амангелдіұлы, қаншама жылыңызды кеніште алып техниканы басқаруға арнапсыз. Жүріп өткен жолыңызға қарап, қандай ой түйесіз? Таңдауыңызға өкінген кездер болды ма?
— Ауыл баласымын. Ақтоғай ауданының Мүткенов кеңшарында дүниеге келдім. 8 класты осында бітіріп, Красноармейка ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім. Агроном мамандығын меңгеріп шықтым. Оқуымды тәмамдап, әскер қатарына шақырылдым. Әскери борышымды өтеп келген соң туған ауылымда еңбек еттім. Сөйтіп жүргенде әкемнің інісі Мамыр Бекбаев деген ағам Екібастұз қаласына жұмысқа шақырды. Ағам ол кезде Қазпромтехмонтаж деген кәсіпорында роторлы экскаваторларды құрастырумен, жинау- мен айналысатын. Осы ұйымда жүріп, алып техникаға аңсарым ауды. Тізгіндеп, жүргізуді армандадым. Мұнда монтаждаушы слесарь қызметінде едім. Содан жұмыстан кейін кешке «Екібастұз көмір» оқу комбинатында арнайы курсқа барып, алты ай экскаваторшы мамандығының қыр-сырын меңгердім. Ол кезде «Богатырь» кенішінде орын болмады. Содан қаламызда «Шығыс» кеніші жаңадан ашылып жатқан еді. Экскаватор жүргізушісінің көмекшісі болып жұмысқа кірдім. Бұл кеніште көмірдің алғашқы тоннасын тиеп, тұтынушыға жөнелттік. Осылайша, тарихи сәттің куәсі болып шыға келдік. Тәжірибе жинап, араға жылдар салып, экскаваторды өзім тізгіндей бастадым. Жауапкершілігім ескеріліп, 2000 жылдардың басында алып техникаларды жүргізетін бір топ қызметкерлердің бригадирі атандым.
Таңдауыма өкінген емеспін. Күнделікті ісімді барынша адал атқаруға күш салдым. Білмегенге үйретіп, білмегенімді сұраудан қашпадым. Меніңше, ерінбеген, жұмысына барын салатын адамның еңбегі ескерусіз қалмайды. өзін көрсете білген, табандылығын таныта алған азаматты жұмыс беруші де байқайды, бағалайды. Сондай сый-құрметке бөлендім. Кеншіге берілетін барлық атақ-даңқтан ада емеспін.
— Білуімізше, 2020 жылы Еңбек ері атағына ие болдыңыз. Мұндай жоғары дәрежелі марапат алғанда қандай күй кештіңіз?
— Мен ешқашан марапатқа ұмтылған емеспін. Астана қаласында өнер, ғылым және басқа да сала майталмандарымен бірге кеніштің жұмысшысына табыстағанда, әрине, кеудемді ерекше қуаныш кернеді. Кез келген адам табандылық танытса, жұмысына жауапкершілікпен қараса, күндердің бір күнінде еңбегі ескеріледі, биіктен көрінеді. Соған көзім жетті. Бірақ, өз басым марапат-мадақ үшін қызмет еткем жоқ. Жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырыстым. Ал қазір жемісін көріп отырмын. Еңбек ері ретінде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, көлік, жер салығынан босатылдым. Ай сайын жәрдемақы төленеді. Ұшақта вип орынға отыра аламын.
Жалпы, кез келген салада үздіктерді марапаттап, көтермелеп отыру қажет. Бұл өзгелерге мотивация береді. Жуырда елімізде Президент заңға қол қойғанын, оған сәйкес қолданыстағы мемлекеттік наградалар жүйесіне тағы 9 құрметті атақ кіретіні туралы ақпарат оқыдым. Олардың арасында ғалымдар, өнертапқыштар, инженерлер мен сәулетшілер, құрылысшылар, кеншілер мен шахтерлар, геологтар мен өнеркәсіп сала қызметкерлері, көлік, аграрлық және су саласының мамандары енбек етеді. Бұл — өте жақсы бастама. Яғни, еңбектерін мемлекеттік деңгейде мойындау барлық кәсіби мамандарды алға жетелейді. Еңбек адамының абыройын арттырады.
— Кәсіби маман атанып, еселі еңбек ету үшін болашақ жұмысшы мамандық иелері қалай оқытылуы тиіс?
— Әрбір кәсіптік және техникалық білім беретін, жұмысшы мамандар даярлайтын училище-колледждер, жоғары оқу орындары заман талабын ескеруі тиіс. Нарықтағы өзгерістерді де талдап, уақытылы назарға алуы қажет. Меніңше, бұл жағынан білім ордалары олқылық танытып жатқан жоқ. Теория мен практиканы қатар алып жүрген студент қана білікті маман бола алатынын да оқытушылары жақсы біледі. Сондықтан, шәкірттерін жыл сайын өндірістік практикаға жіберіп отырады. Бізге келетін жастар экскаватордың қыр-сырымен танысып, өндіріске бой үйретеді. Бірақ, оларды қазіргі талап бойынша техникаға отырғыза алмайды. Қауіпсіздік тұрғысынан рұқсат жоқ. Алып техникалар әрдайым қозғалыста тұрады. Айнала жоғары вольтті электр қуаты бар. Сондықтан, ертіп келген оқытушыларымен бірге барынша сақтық шараларын сақтайды.
— Осы ретте, өзіңіз енді еңбекке араласқан кезбен қазіргі шақты салыстыра кетсеңіз…
— Біздің кезімізде өндірістік тәжірибеге келетін жастарға ақы төлейтін. Олар кәдімгідей еңбекке араласатын. Кейбірі жазғы каникулда келіп, жұмыс істейтін. Себебі, ол шақта оқуыңды бітірмесең де арнайы курстан өтіп, маман атанып жұмысқа кірісуге рұқсат берілетін. Қазір кәсіпорындар жекеменшіктің қолында болғасын ба, бұл бағытқа қаржы қарастырмайды. Екібастұзда кезінде барлық кеніштерге мамандар оқытатын оқу комбинаты жұмыс істеп тұрды. Кейін кәсіпорындар жеке өздері оқытуға көшті. Яғни, белгілі бір оқу орталығымен келісімшартқа отырып, мамандарын оқытады. Бүгінде өндіріске жұмысқа кіру үшін, білуімше, колледж немесе университетті тәмамдағаны туралы құжатының болуы талап етіледі. Бәлкім, қауіпсіздік жағынан бұл да орынды талап болар. Технология да, техникалар да жаңаруда. Сәйкесінше, білімді мамандар қажет етіледі. Біліктілері іріктеліп алынады. Бәсекеге қабілетті болу үшін мамандықты тереңінен меңгеруге тырысқан жөн. Ынтасы зор адам нәтижеге қол жеткізеді.
— Жасыратыны жоқ, жастар жұмысшы мамандықтарын мемлекеттік грант бойынша меңгергенмен, бәрі сол кәсіпте еңбек етіп жүрген жоқ. Қара жұмыстан қашады. Жас буынды еліміз үшін маңызды бұл жұмысшы мамандықтарына ынталандыру үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс?
— Ол рас, соңғы жылдары өндірістерден бөлек, ауылдарда жұмысшы мамандар тапшылығы байқалып отыр. Жуырда ауылға барғанымда трактор, комбайн жүргізетін адам таппай отыр. Алыстан адамдар жалдауға мәжбүр. Кезінде ауылдарда дүркіреп тұрған ауыл шаруашылығы мамандарын оқытатын училищелердің көбі жабылды. Механизатор, тракторшы, агроном, комбайншы жетіспеуде. Міне, осы мәселелерді шешу үшін кешенді қадамдар жасалуы тиіс. Жалақының жайын реттеген жөн болар. Иә, көбі жоғары жалақылы жұмысқа ұмтылады. Демек, жағдай жасалуы керек. Бірақ, бірден жоғары айлық аламын деуден аулақ болған дұрыс. Тәжірибе жинақтап, өзін көрсете білген маманды жұмыс беруші де көріп, төбесіне көтереді. Өйткені, оған нәтижелі жұмыс керек. Баспана мәселесіне де мән берілуі керек. Біз де отбасымызды асырау үшін жалақысы жоғары жұмысқа ұмтылдық. Баспана берілді. Кеншілердің жұмысы ауыр. Сәйкесінше, жалақысы да жаман емес. Жұмысшы мамандықтар арасында өзге де айлығы аздау түрлері де бар. Солардың жалақысын көтеру арқылы да мамандық мәртебесін көтеруге болады деп ойлаймын. Жұмысшы мамандарды қоғамда дәріптеп, олардың мерейін асырып, көпшілік алдында қоғам үшін атқарып жүрген еселі еңбектерін таныстыра алсақ, уақыт өте келе өзінің жемісін береді деп санаймын. Бұл қолдау бір жылмен шектелмей, үздіксіз жүргізілуі тиіс. Меніңше, Президенттің тұтас бір жылды жұмысшы мамандықтарға арнауы бекер емес. Жұмысшы мамандықтарға сұраныс көп, тапшылық та байқалып отыр. Үкімет те олардың мәртебесін көтеруде аянып қалмайды деген үміттемін. Мемлекет басшысы техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды тапсырды. Нақты, қадамдар жасалса, әлі-ақ, жастар тарапынан қызығушылық пайда болады.
— Жұмысшы мамандар нағыз еңбектің адамдары екені сөзсіз. Қажырлық пен еңбекқорлықты қажет етеді. Икем де керек-ақ. Осы қасиеттерді бала бойында ертерек қалыптастыру қажет шығар…
— Әлбетте, отбасында әр бала еңбекқорлыққа тәрбиеленуі тиіс. Балалар оңай олжаның жоқтығын түсініп өсуі керек. Кез келген істе жауапкершілік, тиянақтылық бойында болғаны абзал. Сонымен қатар, баланың дені сау, шымыр болып жетілуі де болашақта мамандық таңдауында еш кедергі болмайды. Себебі, жұмысқа қабылдарда денсаулыққа да көп көңіл бөлініп, жан-жақты тексеріледі. Ал кәсібилік тәжірибемен біртіндеп қалыптасады. Бастысы, ынта-ниет болуы керек.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.