Павлодар қалалық Естай атындағы мәдениет сарайының кіші залында Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақ балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өңіріміздегі мектеп театр үйірмелері арасында «Балалық шаққа саяхат» атты байқау өтті.

Байқауға барлығы тоғыз мектептің үміткерлері қатысып, бақ сынады. Олар жазушының «Менің атым Қожа», «Аяжан кім?», «Он алты жасар чемпион» секілді танымал шығармаларын сахналады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша дарынды балаларға арналған музыкалық колледж-музыкалық мектеп-интернат кешенінің «Қуырдақ» балалар драма үйірмесі бас жүлдеге ие болып, 50 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Павлодар қаласындағы №2 мектебінің «Ғажайып сахна» театр үйірмесі 1-орынды жеңіп алып, 25 мың теңге алса, №40 мектебінің «Балалар әлемі» шығармашылық тобы 2-орынды еншілеп, 20 мың теңгені еншіледі. Ал Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің «Бөкейхан жұлдыздары» театр үйірмесі 3-орынға қол жеткізіп, 15 мың теңгеге ие болды.

Ал ынталандыру сыйлықтарына Кенжекөл мектебінің «Қызық» балалар театр студиясы мен №7 мектебінің «Балдәурен» шығар-машылық тобы өзара бөлісіп, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орыннан шет қалған командалар да Алғыс хаттарға, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, осы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары таңдалып алынған болатын.

Өз тілшіміз.