Кез келген адамды бақытты ететін – жақындары. Өйткені, ата-анаң, бауырларың жаныңда болса, одан асқан бақыт жоқ деп түсінемін. Әр таңның атысымен еркелете оятып, мейірлене қарайтын жылы жүзді жанарлардың болуы қаншалықты керемет сезім екенін білсеңіз ғой.

Отбасымыздың ардақты да аяулы жандары – ол атам мен әжем. Атам қазақы болмысты, өжеттілік пен даналықты бойымызға дарытып, әрқашан қолдау көрсетіп, тәлім-тәрбиесін беріп отырады. Ал әжем шыр етіп мына дүниеге келген күннен бері мені бауырына басты, мәпелеп бағып-қақты.

Мен — ата-әжемнің алғашқы немересімін. Содан болар, олардың басты назары менде болды. Әсіресе, тәй-тәй басқаным, былдырлап сөйлегенім олар үшін қызық болды. Екеуі бар жақсыны алдыма тосып, еркелетіп өсірді.

Әке деген — асқар тау негіз қуат,

Ақ сүт берген анашың егіз бұлақ.

Алладан соң ата-анаң разы болса,

Алдыңнан ашылады сегіз жұмақ.

Асқар тауым әкешім — арқасүйер тірегім.

«Әке» деген сөз қандай ыстық десеңші! Ойыңа алған бойда өзіңше марқая кетесің. Кеудеңдегі қорқыныш атаулының барлығы әп-сәтте басыла қалады. Арқаңда асқар таудай әкеңнің бары үлкен сенімділікті оятады. Отбасын асырап, бар ауыртпашылықты көтеріп, балаларына тәлім-тәрбие беруде әке атаулының орны ерекше.

Әлемдегі ең керемет адам — ана. Адамзат үшін оның қадірі мен қасиетін түсініп білу мүмкін емес. Алғаш көзіңді ашқан кезде бауырына басып, түн ұйқысын төрт бөліп, баласы үшін жанын беруге дайын ананың махаббаты мәңгілік. Бүтінін беріп жартысын алған, барын беріп жоғына қанағат тұтқан да — анамыз. Әкеміздің қабағын бағып, шаңырақтың берекесі болып отырған да — анамыз. Жаратушы ана жанын нәзік, жүрегін берік етіп жаратқан.

Бауыр деген аты ерек расында,

Бауырыңды төмендетпе, басынба!

Бәлкім досың қашар бір күн қасыңнан,

Ал бауырың мәңгі қалар қасыңда.

Бұл өмірде барлық адамға бауырдан асқан жақын жан табыла қоймасы анық. «Ет пен тырнақ ешқашан ажырамайды» деген сөзді түсіне білген адамға үлкен мағына жатыр. Бұл сөзде бауырға деген шексіз махаббат бар. Расымен де, бауырларымызбен қанша ұрсысып, бір-бірімізді ренжітсекте ол реніш көп ұзамай ұмыт болады. Мен үшін әлемдегі ең керемет уақыт — бауырларыммен өткізген жарқын сәттер. Әлемдегі махаббат атаулының бірі әрі бірегейі — бауырлар арасындағы махаббат. Бұл сезімді сөзбен жеткізе алмайсың. Мен бауырларымды өте қатты жақсы көремін. Мен сипаттап берген осы жандар — тағдырымның ең қымбат сыйлары. Сіз де өз отбасыңызды сүйіңіз, құрметтеңіз. Жаратушы сыйлаған ең қымбат дүниеңізді бағалаңыз. Отбасымыз — тірегіміз, алынбас алтын қамалымыз. Мен осы алтын қамал ішінде өз бақыт мекенінде өмір сүріп жатқан ең бақытты жанмын.

Қымбат ЖАРЫЛҚАСЫН,

Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы,

Павлодар қаласы.