Облыстық «Сарыарқа самалы» («Қызыл ту») газетінің редактор орынбасары болған Кәрмұқан Бекбергенов туралы

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» (бұрынғы «Қызыл ту») газетінің Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі кезеңін (1950-1970 жылдар) шолатын болсақ, Кәрмұқан Бекбергеновтің есімі жиі ұшырасады. Редакцияның тарихи суреттерін ақтарсаңыз да, шашын артына қайырып, бір қалыпты жымиған, еңсегей бойлы азаматтың келбеті де көптің ішінен көз тартады.

Жалпы, облыстық газеттің тарихы 1929 жылдың 15 ақпанынан бастау алады десек, бірден заман ағымына сәйкес тарихи кезеңдерді бастан кешіргенін байқаймыз. Әуелде басылым уығын шаншып, «Кеңес туы» деген атаумен округтік газет (Семей облысы Павлодар уезі) болып құрылды. 1938 жылы Павлодар облысы Семейден бөлініп, жеке шаңырақ көтеріп, «Кеңес туынан» қалған «Колхоз» газеті негізінде облыстық «Қызыл ту» газеті жасақталды.

Редакция енді толық қалыптасты дегенде, яғни арада екі-үш жыл өткенде журналистер құрамының майданға аттануы басталды. 1939 жылы фин соғысына Әбілқайыр Баймолдин секілді журналистер барса, Ұлы Отан соғысы өткен 1941-45 жылдар аралығында көптеген журналистер қаламды қаруға алмастырды.

Бүгінде редакция орналасқан Астана көшесі, 143-үйдің ғима-ратында Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанып, қайтып оралмаған жеті жауынгер-журналистің есімдері қашалған мемориалдық тақта орнатулы тұр…

Дәм жазып, елге аман-есен оралған журналистер қара шаңыраққа қайта келіп, қаламдарын қолына алды. Кейбіреулер реадкцияға жаңадан қызметке алынды.

«Қызыл тудың» редакторы болған Омарғали Құдышев бір естелігінде «онсызда санаулы журналистердің қатары соғыс аяқталған соң тіпті сиреп қалды» деген еді. Сол секілді, соғыстан кейін Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті қайтадан шығармашылық құрамын толықтыра бастады. Осы кезде құрамға демобилиза-циямен елге қайтарылған лейтенант шеніндегі Кәрмұқан Бекбергенов те қосылды.

Бұл туралы КСРО Журналистер одағының мүшесі, «Қызыл ту» газетінің майдангер журналистерінің бірі Әбдеш Баймұрзиннің естелігінен кездестіреміз:

«Соғыс жеңіспен аяқталды. Бейбітшілік таңы арайлап атты. Соғыс апатынан тірі оралған Қаби Көпбаев ауыл шаруашылығы бөлімінің, Жылқайдар Қарпықов партия тұрмысы бөлімінің, мен экономика бөлімінің меңгерушілері болып орналастық. Редактор Хамза Сыздықов болатын. Газеттің көлемі ұлғаюына орай қызметкерлердің қатары өсті. Бұрын газетте қызмет істемесе де, журналистік өнерге құштар бұрынғы майдангерлер, марқұм Кәрмұқан Бекбергенов, Садық Бәпиев келіп қосылды» деп жазады ол («Жолдамамен», 1989 жыл).

Кәрмұқан Хамметұлының соғыстан кейін «Қызыл ту» газетіне қызметке алынғаны туралы облыстық мұрағаттың деректері де қуаттайды. Облыстық мемлекеттік мұрағатттың редакция сұранысына орай жіберген жауабынан журналистің өмірбаянынан да біршама мәліметтер таптық.

Ресми анкетасындағы деректерге сәйкес, К.Бекбергенов 1917 жылдың 7 қазанында Павлодар облысы Баянауыл ауданы №12 ауылында дүниеге келген. Ол өз автобиографиясында 1929-1939 жылдар аралығында Баянауыл жетіжылдық мектебінде, кейін Павлодар қаласындағы қазақ мектебінде оқығанын жазады. 1939 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1946 жылға дейін әскер қатарында болады. 1939-40 жылдары Боровичи қаласына запастағы атқыштар полкінің мектебінде курсант, одан кейінгі екі жылда 291-інші атқыштар дивизиясында атқыштар полкінің бөлімше командирі болады. Ленинград майданында ұрыстарға қатысады. 1942-1944 жылдары Мәскеу түбіндегі Кузьминка ауылында Калинин Әскери училищесінде техникалық сала бойынша білім алады. 1944-45 жылдар аралығында І және ІІ Прибалтика майданында 43-інші атқыштар дивизиясы құрамында химиялық қорғаныс взводының командирі болып қызмет етеді. 1945 жылы күзден бастап 1946 жылғы маусымға дейін Куйбышев қаласында химиялық қызмет басшысы болады. 1946 жылдың жазында демобилизациямен елге қайтады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Кәрмұқан Бекбергенов «Қызыл жұлдыз» орденімен және Ленинградты қорғағаны үшін және Германияны жеңгені үшін мерейтойлық медальдарымен (1945 жыл) наградталған.

Павлодар өңіріне жеткен соң Кәрмұқан Бекбергенов облыстық «Қызыл ту» газетінің редакциясына қызметке орналасады.  Редакцияның хаттар бөліміне меңгеруші болады. Әрине, одан   кейінгі жылдары ол кәсіби білімін жетілдірумен шұғылданады. 1947-1949 жылдар аралығында Алматыда Коммунистік партия Орталық комитетінің жанындағы екі жылдық Партия мектебін журналистика мамандығы бойынша оқып бітіреді. 1957-1961 жылдар аралығында Павлодар қаласы мал дәрігерлік техникумында білім алады.

1950-1951 жылдар аралығында К.Бекбергеновтің облыстық партия комитетінде бір жарым жылдай үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы болғаны туралы да мәлімет бар. Бірақ кейін ол бәрібір облыстық газетке, хаттар бөліміне қайта оралады.

Одан кейін Кәрмұқан Хамметұлы «Қызыл ту» газетінің ауыл шаруа-шылығы бөлімінің меңгерушісі болып ауысып, осы лауазымда 12 жыл бойы (1951-63 жылдар) табан аудармастан қызмет етеді.

1963 жылы Павлодар облыстық газеті жабылып, Қазақстанның 5 облысына ортақ, орталығы Целиноград қаласында орналасқан «Тың өлкесі» атты өлкелік газет құрылады. Әуелі К.Бекбергенов жарты жылдай осы өлкелік газеттің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болады. Бірақ 1963 жылдың күзінде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болып ауысып, еңбек етеді. Бұл қызметте 1965 жылдың қаңтарына дейін істейді.

1965 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Тың өлкесі» газеті таратылып, облыстық газеттер қайтадан жаңғыртылады. Осы кезде редакцияның бұрынғы қызметкерлері қайта жиналады. Бұл кезде тәжірибесі молынан қалыптасқан Кәрмұқан Бекбергенов «Қызыл ту» газеті редакторының орынбасары және партия өмірі бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. Бұл міндетті Кәрмұқан Хамметұлы 1971 жылға дейін абыроймен атқарады.

К.Бекбергенов еңбек еткен уақытта «Қызыл ту» газетінде Хамза Сыздықов, Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов секілді бас редакторлармен қатар, Жылқайдар Қарпықов, Айтжан Бәделханов, Төлеубек Қоңыров, Мұхамеджан Дәуренбеков, Қ.Сапарғалиев, Ә.Баймұрзин секілді өз ісінің майталмандары еңбек етті.

Кәрмұқан Бекбергенов туралы мінездеме берген Ж.Қарпықов былай деген екен: «Кәрмұқан Бекбергеновті «Қызыл ту» газетінің редакциясындағы қызметте 1947 жылдан бері білемін. Хаттар бөлімін басқарғанда да, ауыл шаруашылығы бөліміне жетекшілік еткенде де алдына қойылған міндеттерді табысты орындады. Редактордың орынбасары болғандығымнан оған авторлық материалдарды ұйым-дастыру бойынша жиі тапсырма беретінмін. Тапсырманы мұқият орындайтын. Ол — тәжірибелі журналист, қоғам өміріне белсенді араласады. Редакция қызметкерлері арасында беделге ие». «Қызыл ту» газетінің редакторы Сұбыхан Шошанов та К.Бекбергенов туралы «1962 жылдан бері «Қызыл ту» және «Социалистік Қазақстан» газеттеріндегі жұмысынан бастап, тәртібі мығым, ұстанымы бар журналист ретінде білетінін» айтып өткен.

Облыстық телевидение және радио комитетінің қазақ телестудиясы редакциясының аға редакторы Н.Билялов Кәрмұқан Бекбергеновтің газеттердегі шығар-машылық еңбегімен 1955 жылдан бері таныс екенін айта келіп, жиналыстарда айтқан ұсыныстары әрдайым қоғамға пайдалы екенін атап көрсеткен.

Кәрмұқан Бекбергенов «Қызыл туда» өзімен тұстас, қан майданды бірге кешіп өткен бірқатар ірі журналист-қайраткерлермен қызметтес болғанын айтып өттік. Мәселен, Жылқайдар Қарпықовтың орысша-қазақша екі тілге бірдей жүйрік, сауатты жазатын, зор білімді қаламгер болғаны туралы естелік көп. Сондай-ақ Әбдеш Баймұрзиндей ірі мінезді қаламгердің жасап өткені де біраз аңызға себеп болған.

Міне, соғыстан аман оралып, журналистикаға келген осы ағалардан кейінгі жас толқын үлгі-өнеге алды. Олардың қатарында Төлеубек Қоңыр, Қажымұрат Смағұлов, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, тағы басқалар бар еді. Олардың естеліктерінде Кәрмұқан ағалары туралы жылы естеліктер жиі ұшырасады.

Газет ардагері Төлеубек Қоңыров — өзі өнеге алған ағаларды ұмытпай, олар туралы көп естелік қалдырған жан. Солардың бірінде К.Бекбергеновті де атап өтеді. «Ұлы Отан соғысының аяғына дейін қатысып, елге оралады. Алматы Жоғары партия мектебінде оқып, Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып жүрген Семей облысының тумасы, соғысқа қатысқан Қантай Елубаевамен кездесіп, отау құрды. Оқулары біткен соң, Павлодарға келеді. Кәрмұқан – «Қызыл туға», Қантай педучилищеге қызметке орналасады» дейді.

Шынында, Қиыр Шығыста ұрыстарға қатысқан Қантай Елубаева бейбітшілік уақытта педучилищенің ұстазы ретінде көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарған. Сондай биязы адамның қолынан осы жолдың авторына дәм тату бұйырғанын атап өткен артық болмас. Бұл 2010 жылдар шамасы болса керек.

Кәрмұқан Хамметұлы Қантай апайымызбен екі қыз, екі ұл сүйді. Өкінішке қарай, ұрпақтарының кейінгі тағдыры туралы мәліметіміз жоқ. Үлкен қызы көрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың ұлы Ерланмен көңіл жарастырып, шаңырағына алғашқы келін болып түскенін білеміз. Алғашқы немересін дүниеге әкелді. Қабдыкәрім атасының «Айым болып тудың ба, Күнім болып тудың ба?» атты бүкіл қазақ еліне әйгілі ән-өлеңі осы Анар есімді немересіне (К.Бекбергеновтің жиеніне) арналғанын көпшілік біле де бермес…

Кәрмұқан Бекбергенов 1972 жылы дүниеден көшті.

2019 жылы облыстық «Saryarqa samaly» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай соғыстан аман-есен оралып, редакцияда қызмет еткен 5 соғыс ардагерінің қатарында Кәрмұқан Бекбергеновтің тұрған үйіне де естелік тақта орнатылды.

Тұтас бір дәуірдің куәсіндей болып ғұмыр кешкен журналист ағалардың басып өткен ізі – кейінгі ұрпаққа өнеге-өсиет.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.