Әлеует зор болғанмен…

Ақп 27, 2025

Біздің облыста туризмді дамытудың барлық мүмкіндігі бар. Оған өткен жылы өңірге келген туристер санының көбеюі, осы салаға құйылған инвестиция көлемінің артуы дәлел бола алады. Дей тұрғанмен, бұл бағытта әлі де кенже қалып жатқан тұстар бар. Сондықтан уақыт оздырмай, туристік маусым ашылғанға дейін жүйелі жұмыстарды жүргізу керек.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өңірде туризм мен спортты дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті. Асайын Қуандықұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын экономикалық өсудің жаңа нүктесі ретінде айқындап бергенін атап өтті.

— Павлодар облысында туризмнің барлық түрлерін дамыту үшін қажет нәрсенің бәрі бар. Өңірдің туристік әлеуетін толық ашып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетуді жалғастыру қажет. Жүйелі деңгейде туристер ағынын арттыруды жолға қойып, қызмет көрсету деңгейін арттыру да маңызды, — деді аймақ басшысы.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтың айтуынша, былтыр туризм саласындағы көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Мәселен, ішкі туристер саны 13 пайызға, нөмірлік қор 10 пайызға, қызметтер көлемі 23 пайызға өсті. Сондай-ақ, былтыр бұл салаға 10,05 млрд теңге инвестиция құю жоспарланған болатын. Бұл сома өткен жылы 93 пайызға асыра орындалып, салаға 19,4 млрд теңге көлемінде қаржы тартылды. Оған қоса, 2025-2027 жылдарға жалпы сомасы 17,5 млрд теңгеге инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Олардың қатарында жалпы құны 5,4 млрд теңге болатын 8 инфрақұрылымдық жоба бар.

Салада оң көрсеткіштер мен ілгерілеу байқалғанымен, күрмеулі жайттар да жоқ емес. Бұл ретте аймақ басшысы туризм саласын дамытудың 2023-2028 жылдарға арналған бағдарламасында тиімділіктің жеткіліксіздігі мен бірыңғай тәсілдің жоқтығын сынға алып, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, іс-шараларды ұйымдастыру сапасына, оның ішінде туристік маусымның ашылуына мән беріп, шаралар жоспарын қайта қарауды тапсырды. Себебі бұған дейін туристік маусымның ашылуына қатысты жағымсыз пікірлер айтылған еді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 20 наурызға дейін өңірде туристік ақпараттық орталық құрудың тетіктері қарастырылады. Оған қоса, «Туристік саланы дамытудың 2023-2028 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» жандандырылуы тиіс. Аймақ басшысы Асайын Байханов туристік аймақтарда инфрақұрылымның сапасы жоғары болуы тиіс екенін алға тартып, 15 сәуірге дейін байланыс операторларымен бірлесіп интернет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізу, 1 сәуірге дейін санитарлық-гигиеналық тораптардың жұмыс істеуін және күтіп-ұсталуын, қосымша қоқыс контейнерлерін орнатуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын барысында облыстағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері де қаралды. Өңірде балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік спорттық тапсырысын жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға 2,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 11 мыңнан астам бала спортпен тегін айналысуда. 2025 жылы ваучерлер наурыз айында беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы, облыста барлығы 2200 спорт ғимараты бар. Ақсуда мұз аренасының, Успен ауданының Успен, Шарбақты ауданының Шалдай мен Галкин ауылдарында және Кенжекөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен жүзу бассейндерін салу бойынша 8 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Облыс әкімі 1 наурызға дейін әрбір қала мен аудан үшін нақты KPI бар спортты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. 2025 жылдың соңына дейін спорт бойынша барлық негізгі индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету, 1 мамырға дейін кешенді республикалық спартакиада өткізу мүмкіндігін қарастыру да жүктелді. Аудан-қала әкімдері 1 мамырға дейін көшедегі спорт ғимараттарын пайдалану қауіпсіздігіне тексеруі тиіс.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.