Оразаның бір аты — қайырымдылық

Ақп 27, 2025

Биылғы Рамазан айында Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Тарауық намазын оқитын жамағат үшін тегін көлік қарастырылған. Яғни, орталық мешіттің аумағынан үш бағытқа көлік қатынайды. Автобустар Тарауық намазынан кейін Химқалашық, Дачный және екінші Павлодар шағын аудандарына жүреді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы айтты.

Бас имамның айтуынша, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал сол айдың 26-нан 27-не өтетін түн Қадір түні болады. Биыл мұсылман қауым 29 күн ораза ұстайды. Оразаның айты – 30 наурызда. Тарауық намазы 28 ақпанда басталып, 28 наурызда аяқталады. Яғни, оразадан бір күн бұрын басталады. Ал Рамазан айының басталу күні Түркі мемлекеттер ұйымына қарасты мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесінің зерттеу нәтижесі бойынша бекітілген.

— Тарауық намазы еліміздің барлық мешіттерінде 28 ақпан күні басталады. Яғни, күнделікті болатын құптан намазынан кейін оқылады. Тарауық намазы 20 рәкағаттан тұрады.  Биыл пітір садақасының мөлшері 655 теңге болды. Ал пітір садақасын кімдерге беруге болады деген сұрақ жиі туындайды. Мұны адамдар өздері шешеді. Жамағаттың кейбірі мешітке салса, кейбірі өздерінің таныс-туыстарына беріп жатады. Маңыздысы – шынымен жағдайы төмен, мұқтаж адамға берілуі керек, — деді Жолдас Қоспақұлы.

Сонымен қатар, бас имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының барша кәсіпкер қауымын қайырымдылыққа шақырған үндеуін де жеткізді. Яғни, дін қызметкерлері жамағатты қайырымдылықтың сауабынан, жақсылықтың шарапатынан құр қалмауға үндейді. Себебі, қайырымдылық – оразаның бір аты.

Тілеуберді САХАБА.